Атырауда 84 киіктің өлексесі табылды – әкімдік жауап берді
Барлық қалдықтар санитарлық талаптарға сай кәдеге жаратылды
Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты екі ауылда киіктердің өлексесі табылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өлекселер қазан айынан бастап табыла бастаған. Ауыл тұрғындары жағдайды құзырлы органдарға хабарлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Киіктердің сүйектері мен олардың ішкі ағзаларынан алынған патологиялық материалдар Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығының зертханасына сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша малдардың өліміне пастереллез ауруы себеп болғаны анықталды. Осыған байланысты "Охотзоопром" мекемесіне киіктердің өлекселерін жинауды ұйымдастыру және олар табылған жерлерді дезинфекциялауды сұрап хат жолданды, - деп хабарлады аудан әкімдігі.
Қараша айында "Охотзоопром" мамандары облыстық ветеринарлық станциямен бірлесіп екі рет рейд жүргізіп, Сүйіндік және Азғыр ауылдық округтерінен 84 бас киік өлексесін жинады.
Барлық қалдықтар санитарлық талаптарға сай кәдеге жаратылды.
Мәселе аудан әкімдігінің бақылауында. Қазіргі таңда киіктердің өлексесі қалған жоқ, - деп түсіндірді әкімдік.