Алматыда Ресей азаматына айыппұл салынды

Әйел адам ұсақ бұзақылық жасағаны және әуе кемесінде тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

Алматыда Ресей азаматына айыппұл салынды
Istockphoto
344

Алматыда ұшақ бортында балағат сөздер айтқан Ресей азаматына айыппұл салынды. 30 жастағы әйелді ұсақ бұзақылық үшін көлік полициясы жауапқа тартты.

Ол «Мәскеу-Алматы» бағытымен ұшып келген. Экипаж мәліметінше, әйел ұшу кезінде өзін орынсыз ұстап, боқтық сөздер айтып, ескертулерге құлақ аспаған және ұшақ экипажының талаптарын орындамаған.

«Тексеру барысында жолаушының ұшу кезінде өзін орынсыз ұстаған. Балағат сөздер айтып, ескертулерге мән бермегені анықталды», – деді көлік полиция департаментінің басшысы міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов.

Әйел адам ұсақ бұзақылық жасағаны және әуе кемесінде тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 25 АЕК – 92 300 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Көлік полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың 11 айында Қазақстанның авиа және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 80 813 азамат жауапқа тартылған. Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін – 677 адам, әуе кемесінде тәртіп ережелерін бұзғаны үшін – 83 адам айыппұл төлеген.

Серіктес жаңалықтары