Павлодарда физика пәнінің мұғаліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Физика пәнінің мұғалімі ескертуін елемеген оқушының ішіне соққы жасаған.
Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде TikTok-тағы трендті қайталаған оқушыны мұғалім ұрып жіберді.
Әлеуметтік желілерде таралған видеода оқушы сабақ үстінде партаға шығып, айқайлап жатқан сәті түсірілген. Мұғалім оны тыныштандыруға тырысқанымен, оқушы әрекетін тоқтатпаған. Нәтижесінде физика пәнінің мұғалімі ашуға беріліп, оқушының ішіне соққы жасайды.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, Мақпалеев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы сыныптастарымен бәс тігіп, физика сабағы кезінде орындыққа тұрып, TikTok-та тренд болған «Oi oi oi baka» дыбысын қайталап, айқайлаған.
Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі мұғаліммен еңбек шартын тоқтатты. Сонымен қатар қызметтік тексеру жүргізіліп, оқушымен және оның ата-анасымен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Білім басқармасы хабарлағандай, оқушының анасы мұғалімге ешқандай шағым түсірмеген.
Кейін Бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шакенева аталған мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Мақпалеев атындағы Павлодар қаласының мектебінде орын алған оқиға бойынша мынаны хабарлаймын: 2024 жылғы 3 желтоқсанда Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігі бойынша (ұрып-соғу немесе дене ауыртпалығын тудырған, бірақ кәмелетке толмағанға қатысты денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау) қылмыстық іс қозғалды, – деді С. Шакенева.