COVID-19-ға байланысты карантин жасөспірімдердің ми құрылымын бұзды – зерттеу

COVID-19-ға байланысты карантин жасөспірімдердің ми құрылымын бұзды – зерттеу
сурет: istockphoto.com
282

Сиэтлдегі Вашингтон университетінің ғалымдары жасөспірімдер миының дамуындағы өзгерістерді анықтады. Олар COVID-19-ға байланысты карантин жасөспірімдердің ми құрылымын бұзған деген қорытындыға келген.

Сиэтлдегі Вашингтон университетінің зерттеушілері магниттік-резонанстық томография (МРТ) деректерін пайдалана отырып, карантиннен кейін жасөспірім миының қыртысы – қатпарлы беткі қабаты – қарқынды жұқара бастағанын анықтады. Бұл үдеріс әдетте жасқа байланысты жүретін болса, локдаундардан кейін ол айтарлықтай жылдамдаған, ал бұл әсер қыз балаларда ұл балаларға қарағанда күштірек болған.

Ғалымдардың пікірінше, жасөспірімдік кезең ми дамуы үшін өте маңызды. Жасөспірімдердің мінез-құлқының өзгешелігі көбінесе ми қыртысының жетілмегендігімен байланысты. Бұл кезеңде мидың толыққанды жетілуіне мүмкіндік беретін маңызды өзгерістер жүреді, оның бірі – ми қыртысының жұқаруы.

2022 жылы жарияланған бірегей зерттеу жасөспірімдік кезеңде мидың пластикалылығы – өзгеріске бейімділігі – үшін ерекше маңызды уақыт бар екенін алғаш рет дәлелдеді. Бұл процесс ми құрылымының шешім қабылдау, ойлау, қысқа мерзімді жады және әлеуметтік мінез-құлықты бақылауға жауап беретін маңдай аймағында жүреді.

Оқшаулану жетілу процесіне кері әсерін тигізген: ми қыртысының ойлау мен қарым-қатынасқа жауапты маңдай бөлігі жылдам жұқара бастаған.

Бұл әсер қыз балаларда көбірек байқалған.

Зерттеушілердің айтуынша, мұндай өзгерістердің салдары ретінде психикалық денсаулықтың нашарлауы мен мидың ерте қартаюы тіркелген.

Серіктес жаңалықтары