290
"Ауыл өмірін жақсарту – басты назарда": Қостанайда алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті
Қостанай қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен ауыл әкімдерінің форумы ұйымдастырылды. Бұл іс-шара алғаш рет Оқушылар сарайы – I-Qostanay қабырғасында өтті.
Форумға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, партияның Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов және үш жүзден астам қатысушы жиналды.
Форум ауыл әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, аумақтық филиалдардың төрағалары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ партияның атқарушы хатшыларын біріктірді. Пленарлық отырыс пен секциялық талқылаулар барысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың нәтижелері мен болашақ даму басымдықтары талқыланды.
«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов жергілікті атқарушы органдарға жүктелген жоғары жауапкершілікті атап өтіп, ауыл әкімдері институтының рөліне және елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды реформаларға тоқталды.
Сонымен қатар ол кәсіпкерлікті дамыту және экономикалық жағдайды жақсарту бағытындағы «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» сияқты жобалардың мазмұнын ашып, партияның алдағы жоспарларын бөлісті.
«Мемлекет басшысы ауыл өмірін жақсартуды басты назарда ұстайды. Инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа өндірістік қуаттар құру және агротехнологияларды енгізу – негізгі міндеттер. Қостанай облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,6 млрд теңге сомасында 279 шағын несие берілді. Әкімдер осы бастамаларды тиімді жүзеге асыруға тиіс», - деді ол.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыста жүзеге асырылып жатқан ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті.
«Ауылдағы өмір жақсарып, тұрғындар өркендеуге және өркениеттің барлық игіліктеріне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуға тиіс. «AMANAT» партиясы осы бастамаларды қолдап, Үкіметпен және әкімдіктермен белсенді жұмыс істеп келеді. Біздің міндетіміз – әкімдерді барлық қажетті ресурстармен және мүмкіндіктермен қамтамасыз ету. Әкімдер өз аумақтарының экономикалық дамуына ықпал етіп, жаңа инвестициялық жобаларды енгізіп, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауы керек. Бүгінгі форум ауыл әкімдері мен партия арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір деңгейін жақсартуға арналды», – деді ол.
Жиында модератор болған Алмат Досмұхамедов ел Президентінің ауыл әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі реформаларына тоқталып, бұл бастаманың саяси жүйені жаңғыртудағы маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмалары қарқынды түрде жүзеге асуда. Қостанай облысында 185 әкімшілік бірлік бойынша 222 рет сайлау өтті, 37 рет қайта дауыс берілді. 130 рет (58,6%) біздің партия ұсынған кандидаттар сайлауға түсіп, барлығында жеңіске жетті. Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп жатқан 197 ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің 173-і немесе 88%-ы – «AMANAT» партиясының мүшелері», – деді Алмат Досмұхамедов.
Биыл «AMANAT» партиясының бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен «Жарқын ауыл» өңірлік жобасы іске қосылды. Үшжақты меморандум аясында жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 903 іс-шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда:
- 140 көше жөнделіп, 62 тұрғын үй салынды;
- 34 спорт және балалар алаңы орнатылды;
- 47 кіреберіс арка орнатылды.
Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартов «Жарқын ауыл» жобасы аясында 158 млн теңгеге 42 іс-шара жүзеге асырылғанын айтты.
«Біз заманауи спорт алаңдарын орнатып, көше жарықтандыруды жаңарттық. Сонымен қатар 3 мыңнан астам тұрғынды таза сумен қамтамасыз ету үшін жаңа су құбырының құрылысы басталды», – деді ол.
Форум соңында әкімдер мен мамандар жергілікті өзін-өзі басқаруда жаңа технологиялар мен әлеуметтік желілерді қолдану туралы пікір алмасты.