Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа жерлестері автокөлік мінгізді
Ғұсман Қырғызбаевтың туған жері Түркістан облысы, Ордабасы ауданында дзюдошының құрметіне орай республикалық турнир өтті.
Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа жерлестері жаңа көлік сыйлады.
Ғұсман Қырғызбаевтың туған жері Түркістан облысы, Ордабасы ауданында дзюдошының құрметіне орай республикалық турнир өтті. Жарысқа 200-ден астам жас cпортшы қатысты. Турнир барысында Ордабасы ауданының атынан жергілікті кәсіпкерлер Қырғызбаевқа Haval автокөлігінің кілтін табыстаған.
Еске салайық, Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасында дзюдодан 66 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап, қола жүлде жеңіп алған еді. Ол үшінші орынға таласта сербиялық дзюдошы Страхинья Бунчичтен «вазари» ұпайымен басым түсті. Сондай-ақ Қырғызбаев – әлем чемпионатының күміс және Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері.
Қырғызбаев Парижден оралған соң оған әуежайда Қазақстан дзюдо федерациясы атынан Toyota Land Cruiser 250 автокөлігі сыйға тартылды. Сондай-ақ кәсіпкер Кеңес Рақышев дзюдошыға KIA EV 6 автомобилін мінгізді. Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев бір бөлмелі пәтер, Hyundai Tucson темір тұлпарын және ақшалай сыйақы табыстады. Бұдан бөлек спортшыға Түркістан облысы Темірлан ауданының азаматтары да көлік тарту еткен еді.