«Таза бейсенбі» экоакциясы кезінде ел бойынша 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды

«Таза бейсенбі» экоакциясы кезінде ел бойынша 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды
365

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында елдің әр өңірінде белсенді түрде өтуде. Бүгінге дейін эко акция аясында еліміз бойына 10 тоннадан астам қоқыс жиналып, қалдықтар қайта өңдеуге жіберілді. Игі іске бас-аяғы 50 мыңнан астам адам қатысты.

Ақтөбе облысында тазалық жұмыстары Ойыл ауданындағы Қаракемер мен Ақшатау ауылдары бағытында жалғасты. Аудандық мәслихат депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері және ауыл тұрғындары бірлесіп, 5 шақырым жол жиегін тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Іс-шара барысында 1 тоннадан астам қоқыс жиналып, жергілікті тұрғындар табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты.

«Бұл акция – туған өлкемізге деген қамқорлығымызды көрсетуге берілген мүмкіндік. Біз жастармен бірге қоршаған ортаны қорғау мәдениетін дамытуға және оны сақтаудың маңыздылығын дәріптеуге атсалысып келеміз. Табиғаттың тазалығы – елдің болашағы, ал оны сақтау баршамыздың міндетіміз», – дейді партияның Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында да бұл бастама жалғасын тауып, «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен тазалық жұмыстары өтті. Іс-шара барысында Неке сарайы мен партия ғимараты маңындағы аумақтар қоқыстан тазартылып, қураған ағаштар кесіліп, арам шөптер жұлынды. Акцияға партия мүшелерімен қатар, еріктілер мен табиғат жанашырлары қатысты.

«Туған жерімізді таза ұстау – бәрімізге ортақ міндет. Мұндай іс-шара біздің азаматтық жауапкершілігімізді арттырып, экологиялық мәдениетімізді қалыптастырады. Біз бұл игі іс арқылы жастарды қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үйретеміз», – деді партияның Жаңаөзен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Темір Мұсаев.

Түркістан облысында да акция ауқымды түрде өтті. Мырзакенттің жаңа аудан орталығы мәртебесінің иеленуімен түзілген «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» саябағында аманаттықтар күзгі тал егу жұмыстарына қатысып, елді мекендердің жаңаша келбетке ие болуына атсалысты. Акция барысында ауданның зиялы қауымы, депутаттар мен белсенді жастар бірігіп, көгелдандыру жұмысын атқарып қана қоймай, аумақты қоқыстан тазарту жұмыстарын да орындады. 

«Ағаш отырғызу – әрбір адамның туған жер алдындағы борышы. Бұл тек табиғатқа қамқорлық емес, сонымен бірге біздің мәдениетіміздің, отаншылдық рухымыздың көрінісі. Әрбір отырғызылған тал – ел болашағына қалдырылған игі мұра», – деді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйыма Жантөреева.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында партия белсенділері М.Қозыбаев атындағы университет аумағында орналасқан тарихи ғимаратты қардан тазартты. Игі іске 30-дан астам адам қатысты. Олардың  қатарында студенттер, партияның өңірлік филиалының өкілдері және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бар. Бар-жоғы бір сағат ішінде аумақ қардан тазартылып, тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасалды.

«Қаламыздың дамуына үлес қосып, осындай игі шараларға қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай акциялар қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, тұрғындар арасында бірлік пен ынтымақты нығайтады», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.

Қызылорда облысында да «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жоғары деңгейде өтті. Жалағаш ауданында ұйымдастырылған іс-шараға 70-тен астам адам қатысты. Олар Рахимов көшесінің бойындағы қураған шөптерді шауып, ағаштарды әктеп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Акцияға аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен партия мүшелері қатысты.

«Бұл тек тазалық шарасы емес, жастарға экологиялық мәдениет қалыптастырудың, туған өлкеге қамқорлық көрсетудің көрнекті үлгісі. Табиғат тазалығы – елдің өркендеуі үшін маңызды бағыттардың бірі», – деді акцияға қатысқан волонтер Ерік Айдосұлы.

Еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан бұл акциялар экологиялық мәдениетті арттырып қана қоймай, қоғамды бірлікке үндеп, табиғатқа деген жауапкершілікті күшейтуде. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да туған өлкені таза, көрікті етіп сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.

 

 

Серіктес жаңалықтары