Петропавлда жасөспірімдер жалға алынған үйден мас күйінде табылды
Алкогольді емін-еркін ішіп жатқан алты адамнан құралған жастар тобы көршілердің тынығуына кедергі келтірген.
СҚО-да полицейлер жалға берілген пәтерден мас жасөспірімдерді анықтады.
Петропавлда полицейлер түнгі уақытта тыныштықты бұзу туралы қоңырау бойынша шара қабылдау үшін Астана көшесіндегі үйлердің біріндегі жалдамалы пәтерге барды. Ақпаратты тексеруге келген полицейлер ішімдік ішіп алған жастардың үстінен түсті. Алкогольді емін-еркін ішіп жатқан алты адамнан құралған жастар тобы көршілердің тынығуына кедергі келтірген. Тыныштықты бұзушылардың бір-екеуі тәртіп сақшыларынан балконда жасырынуға тырысқан. Көңіл көтеріп жатқандардың төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған болып шықты, екі жасөспірім мас күйде болған. Хаттамаға қол қойдырып, балаларын алып кету үшін полиция қызметкерлері ата-аналарын шақыруға мәжбүр болды.
«Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндерінен бастап тәртіп сақшылары жасөспірімдердің түнде жүруінің 48 дерегін және қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйде жүруінің 161 фактісін анықтады. 23-25 қараша аралығында облыста "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылау күшейтілді», – дейді ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Сондай-ақ 3 күн ішінде түрлі 829 құқықбұзушылық анықталды. Есепте тұрған 1 мыңнан астам адам, қараусыз қалған 418 үй, 529 азаматтық қару иесі тексерілді. Жалпы, алдын алу шаралары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыруға бағытталған полиция жұмысының барлық негізгі бағыттарын қамтиды.