Түрмеде отырып теракт ұйымдастырмақ болған 10 адам анықталды (ФОТО)

Жаза өтеу орындарында жүргізілген тінтулер барысында суық қару, смартфондар мен басқа да заттай дәлелдер тәркіленді.

Түрмеде отырып теракт ұйымдастырмақ болған 10 адам анықталды (ФОТО)
ҰҚК
143

22 қараша күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Қостанай және Жетісу облыстарындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде радикалды діни идеологияны ұстанған 10 адамның іс-әрекетінің жолын кесті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратынша, бұл операцияға Ішкі істер министрлігі қатысып, үйлестіру жұмыстарын Алматы облысы прокуратурасы жүргізген.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, айыпталушылардың бірі қамауда отырып, террорлық актіні ұйымдастыруға дайындалған. Қалғандары экстремизмді насихаттап, лаңкестік әрекеттерді іске асыру үшін жаңа жақтастар іздеумен айналысқан», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Тергеу барысында күдіктілердің бірі экстремизм үшін сотталғаны белгілі болды. Қалғандары кісі өлтіру, тонау және ұрлық секілді қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатқан.

Жаза өтеу орындарында жүргізілген тінтулер барысында суық қару, смартфондар мен басқа да заттай дәлелдер тәркіленді.

Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 255-бабы (терроризм актісі), 256-бабы (терроризмді насихаттау) және 259-бабы (экстремистік топ құру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Серіктес жаңалықтары