Елге пошта арқылы есірткі жеткізіп отырған астаналықтар сотталды

Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылды

Елге пошта арқылы есірткі жеткізіп отырған астаналықтар сотталды
фото: видеодан скриншот
146

Астананың екі тұрғыны есірткі құралдарын таратқаны үшін 8 және 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов мәлім етті.

Агенттіктің елордадағы департаменті АҚШ-тан есірткі және психотроптық заттарды халық тұтынатын тауарлары бар пошта сәлемдемелері түрінде аса ірі мөлшерде жеткізу фактісін әшкереледі. 

Мәселен, қызметтік-іздестіру итін қолдана отырып, тексеру жүргізу кезінде кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында жалпы салмағы шамамен 1 кг болатын «гашиш» есірткі заты табылып, тәркіленді.

— Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижелері «Қазпошта» АҚ қалалық филиалдарының бірінде сол алушылардың атына тағы бір сәлемдеменің бар екендігін көрсетті. Сәлемдемеде жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат — тетрагидроканнабинол және оның изомерлері табылды. Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылды. Сот шешімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтей отырып, 8 және 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, — деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Жалпы, жыл басынан бері есірткі контрабандасы және заңсыз айналымы фактілері бойынша 116 қылмыстық іс тіркелген. 57,3 кг есірткі тәркіленді.

Сонымен қатар, 1,7 кг психотроптық заттар, анаболиктер (улы зат) — 206 мың дана және «Тропикамид» көз тамшылары — 1 680 дана тәркіленді.

Серіктес жаңалықтары