Таразда колледж директоры мен оған пара берген оқытушының ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлады Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.
2024 жылдың қыркүйегінде колледж директоры А. өзінің қарамағындағы оқытушы Ш.-дан баласын грантқа орналастыру үшін 80 мың теңге пара алған.
«Сол күні Антикор қызметкерлері директордың кабинетінде тінту жұмыстарын жүргізіп, оның сөмкесінен пара ретінде алынған ақшаны тапты», – делінген хабарламада.
Сот барысында екі тарап та өз кінәсін мойындады. Колледж директоры пара алғаны үшін 25 есе көлемде – 2 миллион теңге айыппұл төлесе, оқытушы пара бергені үшін 15 есе көлемде – 1,2 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар екеуіне де мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.