«59 мыңға билет алдым»: Мақпал Жүнісованың домбырасын бортқа өткізбей қойған

Ол өзінің осындай жағдаймен үшінші рет бетпе-бет келіп тұрғанын атап өтті.

«59 мыңға билет алдым»: Мақпал Жүнісованың домбырасын бортқа өткізбей қойған
коллаж: Тurkystan.kz
265

Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова ұшақта домбыраны тасымалдау тәжірибесіне шағымданды.

Ол өзінің instagrm парақшасында домбыраға да билет алғанын айтып бейнежазба жариялады.

«Аты-жөні жоқ, домбыра деп жазылмаған. Айғай-шумен 59 мың теңгеге билет сатып алып өткіздік», – деп наразылығын білдірді халық әртісі.

Сондай-ақ, ол өзінің осындай жағдаймен үшінші рет бетпе-бет келіп тұрғанын атап өтті.

Flyarystan әуекомпаниясы аталған жағдайға түсініктеме берді.

«Тегін тасымалдауға болатын ең жоғарғы салмақ – 5 кг. Максималды өлшемдері – 56x23x36 см. Ақылы түрде 10 кг дейін арттыруға болады, бірақ өлшемдері мен саны өзгеріссіз қалады, яғни, бір дана қолжүгінің өлшемі 56x23x36 см-ден аспауы тиіс. Кез келген қолжүгі, оның ішінде музыкалық аспапты қоса алғанда, барлық бөліктерімен (қаптамасы, қапшығы және т.б.) стандартизаторға сәйкес келуі тиіс»,  деді Flyarystan.

Музыкалық аспап үшін орын сатып алудың маңызы неде екенін келесідей түсіндірді: Жолаушыларға қамқорлық көрсету (әр жолаушының қолжүгін орналастыруға жеткілікті орын беру құқығы) және музыкалық аспаптың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, егер аспаптың өлшемдері қолжүгінің өлшемдерінен асып кетсе, оған жақын орынды сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

Қызмет құны ағымдағы қолжетімді тариф бойынша қосымша орын құнына сәйкес анықталады.

Егер қызмет рәсімделмесе, музыкалық аспапты жолжүк бөліміне тапсыру қажет (әуекомпания аспаптың қауіпсіздігіне жауапкершілік алмайды) немесе әуежайдың сақтау камерасында қалдыру керек.

«Лоукостерлердің қолжүктерге қатысты ережелері ұшақ бортында көп жолаушы болғандықтан, әр жолаушының қолжүгін орналастыру мүмкіндігі болуын қамтамасыз ету мақсатында белгіленген. Бұл ережелер әлем бойынша басқа лоукостерлерде де қолданылады»,  деп түсіндірді әуекомпания.

Сондай-ақ, әуекомпания өнер өкілдерін құрметтейтіндігін және халқымыз үшін киелі домбыраның құндылығын жоғары бағалайтындығын атап өтті. Дегенмен олардың басты құндылығы — жолаушылардың ұшу кезіндегі жайлылығы мен қауіпсіздігі.

«Әуекомпанияның өкілдері музыкалық аспапқа жақын орын брондап, оны сатып алуды ұсынды. Өнер иесінің қызметті тегін рәсімдеуді талап етуіне қарамастан, нәтижесінде жолаушы билет ақысын төледі», деп жауап берді FlyArystan әуекомпаниясының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары