«Ауыл аманаты»: Тамара Дүйсенова Маңғыстау облысының кәсіпкерлерімен кездесті

«Ауыл аманаты»: Тамара Дүйсенова Маңғыстау облысының кәсіпкерлерімен кездесті
335

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары аясында Бейнеу ауданына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған жоба аясында аудан орталығында тігін шеберханасы, наубайхана, бордақылау алаңы өз жұмысын бастады. Кәсіп иелері төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алу арқылы өз істерін ашуға мүмкіндік алды.

«Бағдарлдама – халық үшін өте тиімді. 2,5%-дық несие, өтеу төлемін шегеру мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіп ашуға ниеттілерге бұл таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын», — дейді Қозыбек Жалғаспаев.

Сапар аясында вице-премьер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер көрмесімен танысып, тұрғындармен кездесті.

Облыс орталығында аймақтағы аудан, ауыл әкімдерінің қатысуымен кеңес ұйымдастырылды. Жиын барысында азаматтардың табысын арттыруға бағытталған шаралар талқыланды. «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Ауыл аманаты» бағадарламасы аясында жұмысты ұтымды жүргізуге қатысты бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Шаруалар өнімін өткізу жолдарына баса мән берілді. Өңірде мектептердегі асханаларды азықпен қамтуға шамамен 8,2 млрд теңге жұмсалады. Оған қажетті өнімдерді жергілікті өндірушілердің өткізуге қауқары бар екені айтылды.

Сондай-ақ кеңесте шағын кәсіп жүргізу жөніндегі өзге өңірлердің тәжірибелері де қарастырылды. Мәселен, БҚО әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов аймақ әкімдігі мен «Карашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» арасында жасалған меморандум туралы айтып өтті. Бүгінде екеуара келісім негізінде шаруалардың қолымен өндірілген 1 тоннадай сары май, 100 мыңнан аса дана жұмыртқа өнімі мекемемен сатып алынған. Компанияда 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазірде ондағы мердігер мекемелер де жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдеріне қызығушылық танытқан. Бұл тағы 10 мыңдай қызметкерді азықпен қамтуға қатысты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да жергілікті тауар өндірушілерді қолдау бойынша осындай меморандумға қол қойды. Екінші жақтан өзара ынтымақтастық туралы құжатқа «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігі басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаев және «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директорының орынбасары Ринат Қаражанов қол қойды. 3 компанияда жиыны 37 мыңнан аса адам жұмыс істейтінін атап өту қажет.

«Меморандумға қол қойған мекемелер жеңілдетілген несие алған шаруалар мен кооперативтер өнімдерінің тұрақты тұтыушысы болады деп санаймын. Бұл Маңғыстау өңірінің шаруалары үшін өте жақсы мүмкіндік», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

 

Серіктес жаңалықтары