Ұлттық компания директоры қызметкеріне 4 жыл бойы өз үйін жөндеткен
Астанада ұлттық компания филиалының директоры өз танысын инженер лауазымына жұмысқа орналастырған.
Бірақ ол іс жүзінде компанияда жұмыс істемеген. Оның орнына 2019 жылдың қарашасынан бастап, 2023 жылдың шілдесіне дейін директордың коттеджінің құрылысымен айналысқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осы уақыт аралығында «инженер» ұлттық компаниядан айлық алып келген.
«Сотталушының заңсыз іс-әрекетінің нәтижесінде акционерлік қоғамға 21 066 027 теңге көлемінде шығын келген», - деді соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан өзін ақтауды сұраған.
Бірақ куәгерлердің сөзі, сараптама қорытындысы, банк есептері арқылы оның кінәсі дәлелденді.
Сот оны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.