Атырау тұрғыны тіс емханасынан сот арқылы бір миллион теңге өндіріп алды
Дауды сотта қарау барысында тараптар істі медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келген
Атырау қалалық соты II топ мүгедектігі бар азаматтың тіс емханасына қарсы берген талап-арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
Талап қоюшы дәрігердің тісті сапасыз емдеуіне байланысты қайтадан сол емханаға жүгінген. Ем-шарадан кейін тісі қайта ауырғандықтан, сол стоматологқа тағы барған. Алайда дәрігер тісін қарамай, тек ісінген жағдайда ғана келуін айтып, емделушіні қабылдамаған.
Тісі іскеннен кейін талап қоюшы тағы да сол дәрігерге баруға мәжбүр болды. Бұл жолы дәрігер оған облыстық ауруханаға жолдама беріп жіберген. Ауруханада талап қоюшыға беттің іріңдеуі салдарынан ота жасалып, ұзақ уақыт бойы ем алған.
«Сот талқылауы барысында тараптар істі медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді. Келісім бойынша, жауапкер ЖШС талап қоюшыға 100 000 теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын және дәрі-дәрмекке кеткен шығындарды өтеуге міндеттенді. Талап қоюшы өз талабынан бас тартты. Сот аталған медиациялық келісімді бекітті, және бұл сот актісі заңды күшіне енді», – делінген хабарламада.