Мен Республика күні тудым – тоқсанға аяқ басқан ақсақал Тәңірберген Ахметов

Жалғыз сиырдың сүтін тоғыз қазақ отбасы бөліп іштік.

Мен Республика күні тудым – тоқсанға аяқ басқан ақсақал Тәңірберген Ахметов
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
1897

Біз Тәуелсіздік алғалы бері бір аталып, бір аталмай, бірде тойланып, бірде тойланбай келген бір мереке бар еді – Республика күні. Бастауын сонау 1990 жылы алған осынау мереке екі жыл бұрын қайыра жаңғырды. Көп мерекенің бірі емес, ел егемендігінің іргетасын қалаған Республика күнінің өз мәртебесін қайта иеленуі – сол күні дүние есігін ашқан туған күн иелерінің де көңіліне ерекше бір күй сыйлағандай. Еліміз үшін осындай маңызды датада туу – көңілді толқытпай қоймайтыны рас.

Қазіргі Астанасымен бірге сәніне сән қосып, дамып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанды ғана емес, соғыс жылдары мен Кеңес кезіндегі, тоқсанның тоқырауындағы Қазақстанды да көрген көнекөз қария Ахметов Тәңірберген Жұмағазыұлы үшін де 25 қазан – ерекше мейрам. Себебі Тәңірберген ақсақал 1937 жылдың 25 қазанында дүниеге келген. Абай облысы, Үржар ауданы, Бұрғон ауылының тумасы.

Мереке қарсаңында біз туған күн иесіне хабарласып, еліміздің бір ғасырға жуық уақытта қалай өзгергенін көзкөрген қарттан сұрауды жөн көрдік.

«Әкем 1942 жылы соғысқа кетті. Жұмағазы, Ережеп, Дүйсенбай дейтін үш ағайынды бір күнде аттанды. Сол кеткеннен ешқайсы оралмады. Өзім үйдің тұңғышымын. Әкем соғысқа кеткенде бес жастамын, әкем есімде қалмады. Кіші інім әкем соғысқа кеткенде іште қалған. Шешем Қалипан. Ер-азамат түгел соғысқа аттанған соң, әйелдер жаппай тылда еңбек етті. Біздің ауыл дәрі орнына қолдану үшін соғысқа апиын жіберетін. Шешем сол әйелдердің бригадирі болды. Таңертең ерте кетеді, кештете келеді. Үйдегі ең үлкені мен, бауырларыма бас-көз болып отырамын. 1945 жылы ер-азаматтар соғыстан келе бастады. Тұрмысымыз оңала бастады», –  дейді балалық шағынан сыр шерткен ақсақал.

Айтуынша сол жылдарда қазақ халқының татулығы ерекше болыпты.

«Соғыс аяқталар тұста 20 шақты отбасы болып немістер келді. Шешендер келді. Үйі жоқ, күйі жоқ. Сол немістер мен шешендерді қазақтар үйіне кіргізіп, керек-жарағын берді, бірлесіп өмір сүрді. Ауылымызда орыстар көп болды. 9 ғана қазақ отбасы болдық. Аш болса да бір жапырақ нанды бөліп жейтін. Береке-бірлік бар, тату болдық. Сол 9 үйдің ортасында біздің үйде ғана жалғыз сиыр болды. Сол бір сиырдың сүтін тоғыз қазақ отбасы бөліп іштік. Үйге біреу кесесін ұстап келсе де шешем құр қайтармай құйып беретін. Әлдекім сүт алуға келмей қалса «Бәленбайдың үйі сүт алмады ғой» деп алаңдап отыратын», –  дейді.

Сол кездегі ойын баласы, қазір біздің мақаламызға кейіпкер болып отырған қария соғыс аяқталып, ел есін жия бастаған 1948 жылы бірінші класқа барады. Бірақ бесінші класқа барарда анасы дүние салып, оқуын жалғастыра алмаған. Осылайша еңбекке ерте араласыпты.

«Шешем өмірден озған соң шопанға көмекші болып, Сарытерек деген жерге, тауға қой бағуға кеттім. 4 жыл қой бақтым. Одан кейін келіп тракторшының оқуын оқыдым. Әзірбайжанда әскери борышымды өтедім. Інім екеуміз жетім қалған соң, нағашым мен ауылдың үлкендері қамқорлық көрсетті. Әскер қатарынан келгеннен кейін ауылдың үлкендері мен колхоз төрағасы бас болып, қалыңдығыма құда түсіп барды. Солай ауыл болып тойымызды жасады. Бірі ескі үйін берді, енді бірі жас отау деп дүние-жиһаз берді. 35 жыл колхозда механизатор болдым, трактор, комбайн жүргіздім. Келіншегім сауыншы болды. Солай бас құрап, кейін мал құрап, ел қатарлы отбасы болып, аяққа тұрып кеттік», - дейді Тәңірберген ата.

Тәңірберген ата мен Үмітжан апаның отбасын құрғанына биыл 60 жыл толған. Үш ұл, бір қыз өсіріп, немере сүйген ата мен әже. Соғыс уақыты мен соғыстан кейінгі Кеңес кезін осылай еске алған ақсақал тоқсаныншы жылдардың тоқырауы елге оңай соқпағанын айтады.

«Ядролық полигон болғандықтан бізді 55 жасымызда зейнетке шығарды. 1992 жылы зейнетке шықтым. Колхоз 97-98 жылы тарады. Зейнетке шықсам да 1998 жылға дейін жұмыс істедім. Колхоз шаруа қожалықтарына бөлінді. 1999 жылы үш ұлыммен шаруа қожалығын аштым. Өзім өмір бойы шопыр болғандықтан, колхоздан комбайн, трактор алдық. Қазір 450 гектар жеріміз бар. Төрт түлік мал бағып отырмыз. Кеңес кезінде бір жалақы бала-шағаны асырауға жететін. Ел кең еді. Тоқырау жылдарында жағдай қиындады, бір жалақыға бір отбасын асырау мүмкін болмай кетті», - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде 87 жасқа аяқ басқан қария әлі де тың. Үй шаруасында балаларына қолғабыс етеді, ерте тұрады. Елдің ертеңіне сенеді. Туған күніне тура келген Республика күнінің қайтарылғанына да ерекше қуанышты. Ендігі буын өздері көрген қиын-қыстау заманның тауқыметін тартпаса екен дейді.

 

Серіктес жаңалықтары