Шымкенттік дәнекерлеуші бір отбасын өлімнен аман алып қалды

Ол есікті қосалқы кілттермен ашқанда балалар ес-түссіз, ал анасы ауыр күйде жатқан.

Шымкенттік дәнекерлеуші бір отбасын өлімнен аман алып қалды
Шымкент қаласының әкімдігі
198

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бір отбасыны құтқарып қалған газ саласының маманы, слесарь Ермахан Манқараевты марапаттады.

14 қазанда ол көршісінің өтінішімен пәтердегі газ жабдықтарын тексеру кезінде көміртегі тотығының жоғары деңгейін анықтап, шұғыл әрекет еткен.

Есікті қосалқы кілттермен ашқанда балалар ес-түссіз, ал анасы ауыр күйде жатқан. Ермахан Манқараев көміртегі тотығы деңгейін тексергеннен кейін құрылғыларды бірден ажыратып, терезелерді ашып, балаларды құтқара бастаған. Тынысы жоғалған ұлдарға жансақтау әрекеттерін, жанама жүрек массажын жасағанда олардың дем ала бастағаны байқалған.

Оқиға орнына шұғыл жеткен дәрігерлердің айтуынша, слесардың сауатты әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды. Отбасы ауруханаға көміртегі тотығымен ауыр уланумен түсті. Шымкентке Астанадан қонаққа келген тұрғындар көмектескендердің барлығына алғыстарын білдірді.

Пәтердегі қауіптің көзі - қарапайым газ бағанасы болған, мұржасы қоқысқа толы болған.
Әкімдік тұрғындарға қайғылы жағдайдың алдын алу үшін газ жабдықтары мен түтін мұржаларын үнемі тексеріп отыру керектігін ескертеді.

Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі жанында газтехникалық инспекция жұмыс істейді, оның міндеттеріне газ жабдығының жай-күйін тексеру және көміртегі тотығымен уланудың алдын алу кіреді.

Серіктес жаңалықтары