"AMANAT": Ақтөбеде Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған айтыс өтті

Ақтөбе облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысы ақындары арасында «Әділ сөздің алдаспаны» атты республикалық командалық айтыс өтті.

"AMANAT": Ақтөбеде Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған айтыс өтті
Автор
Админ
203

Іс-шара Әйтеке би Байбекұлының 380 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Іс-шара тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай командалық айтыстың тақырыбына арқау болған Әйтеке бидің әділдік, бірлік және ел болашағы үшін жасаған игі істеріне тоқталып, айтыс өнерінің маңызын атап өтті.

 «Командалық айтыс – 2 жылға созылатын мега жоба. Ұшса құс қанаты талатын, көсілсе тұлпардың тұяғы тозатын алып даламыздың түкпір-түкпірінен, барлық аймағынан 20 команда бақ сынасуда. Қызылордадан басталып, Түркістанда жалғасып, бірнеше өңірде өтіп келе жатқан байқау бүгін міне, Ақтөбе облысының орталығында өз жалғасын тауып жатыр. Бүгін қос команданың ақындары Әйтеке би бабамыздың асыл, бекзат болмысын жан-жақты ашып жырлайды деп үміт артамыз», – деді  ол.

Командалық айтыста жыр, терме, күй, дәстүрлі ән сияқты қазақтың төл өнері дәріптелді. Сондай-ақ ақындар сүре айтыс, қайым айтыс, түре айтыс, қыз бен жігіт айтысы бойынша сынға түсті. Сайысқа әр командадан 4 ақын, жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйші қатысты. 

Өнер додасында ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма Төрағасы, «Отан» орденінің иегері Жүрсін Ерман төрағалық етті. Сондай-ақ, қазылар құрамында жыршы Амандық Көмеков,  айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Əшімжан, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, күйші Мұрат Әбуғазы сынды белгілі өнер иелері болды.

Торқалы тойға орай ұйымдастырылған тартысты сайыста Ақтөбе облысының командасы жеңіске жетті. Бұл команданың намысын Әділбек Сарин, Ақбота Қоянбайқызы, Нұрбол Жауынбаев, Жалғас Болатұлы, Аруна Керімбек, Жеңіс Елемесов, Қайырхан Жұбаниязов, Жәнібек Бейбітов, Темірхан Жетесов қорғады.

Айта кетейік, бас-аяғы төрт кезеңнен тұратын республикалық айтыста жеңіске жеткен 2 команда 2025 жылы Астана қаласында өтетін ақтық сайыста бақ сынасады.

Серіктес жаңалықтары