Жітіқарадағы 5 баланың қазасы: Әкім оқиға себептерін жан-жақты тексеруді тапсырды
Өңір басшысының сөзінше, отбасы уақытша тұрғылықты жермен қамтамасыз етіліп, материалдық көмек көрсетіледі.
Бүгін таңертең Жітіқара қаласында өрт шығып, бес бірдей бүлдіршін қаза тапты. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов дереу өңірге келіп, жедел кеңес өткізіп, оқиғаның себептерін жан-жақты тексеруді тапсырды.
Аймақ басшысы қаралы отбасына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін ескертті. Қазіргі уақытта отбасымен психологтар жұмыс істеп жатыр, балалардың үлкені – 2011 жылы туған жеткіншек зардап шекпеген. Өңір басшысының сөзінше, отбасы уақытша тұрғылықты жермен қамтамасыз етіліп, материалдық көмек көрсетіледі. Бұл жағдайда ең өкініштісі, балалардың қараусыз қалғаны.
Еске салсақ, бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен бес бала көз жұмды. Отқа оранған үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туылған кәмелетке толмаған балалар ересектердің қарауынсыз қалған. Үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені – 2011 жылғы бала ғана аман, зардап шекпеген. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Облыстық прокуратура өкілдері қайғылы жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеп, өрттің алдын-ала себебін атады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Бас прокурордың бақылауына алынды.