Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 14,25 пайыз деңгейінде қалдырды.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады
nationalbank.kz
272

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

«Айлық инфляция орташа тарихи мәндерден және көктем кезі мен жаз басында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендеп келеді, бірақ оның қарқыны әлі де баяу», - деп хабарлады Ұлттық банк.

Жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ, дегенмен 2024 жылғы қыркүйек айында ол 8,3%-ға дейін төмендеді. Жалпы инфляцияның динамикасы Ұлттық банктің болжамына сәйкес келеді. Азық-түлік тауарларының неғұрлым төмен инфляциясы баға өсімінің баяулауына үлес қосуда.

Дегенмен ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер бағасы, сондай-ақ импорттық баға қайта өсе бастады. Жылдық инфляцияның құрамында жүргізіліп отырған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы және бірқатар нарықтық қызметтің қымбаттауы аясында ақылы қызметтер бағасы ең жоғары өсімді көрсетті.

Орталық банктер қатаң саясат ұстанғандықтан, жаһандық инфляция біртіндеп баяулап келеді. Алайда әлемдік нарықтарда азық-түлік құны өсіп келе жатқаны байқалады – қыркүйек айында ФАО-ның баға индексі есепке алатын барлық азық-түлік бағасы көтерілді. Қыркүйек айында дәнді дақылдардың бағасы жекелеген экспорттаушы елдерде қолайсыз күн райының қаупіне байланысты өсті.

Проинфляциялық тәуекелдер де сақталуда.

«Сыртқы орта тарапынан олар Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляцияға және әлемдік азық-түлік бағасының артуына негізделсе, ішкі ортада тұрғын-үй коммуналдық қызмет тарифтері өсуінің жалғасуына, фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулер мен тұтынушылық кредиттеудегі өсімнің оң динамикасы жағдайында орнықты ішкі сұраныстың сақталуына байланысты», - деп түсіндірді Ұлттық банк.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 29 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Серіктес жаңалықтары