Елордада грэпплингтен әлем чемпионаты өтіп жатыр
Осы аптада Астанада Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында грэпплингтен әлем чемпионаты басталды. Әлемнің 30 елінен 1800 қатысушы 218 салмақ дәрежесінде 872 медальды сарапқа салады.
Чемпионат барлық жас топтары – U15, U17, U20, ересектер мен ардагерлер арасында Grappling және Grappling Gi бойынша өтеді.
– Грэпплинг қазір бұқаралық спортқа айналды. Ол әлемдегі ең көне беделді спорт ұйымдарының бірі және халықаралық олимпиада комитеті мойындаған United World Wrestling халықаралық күрес федерациясының қолдауымен дамып келеді, – деді ҚР Грэпплинг Қауымдастығының президенті, Грэпплингтен ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қанат Алин.
Айта кетейік, елорда әлем чемпионаты үшінші рет ұйымдастырылып отыр. 2018 жылы грэпплингтен әлем чемпионаты алғаш рет Астанада өтті. 2019 жылы ол олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионатының бағдарламасына кірді. Сондай-ақ елорда 2017 және 2023 жылдары Азия чемпионатын екі рет өткізді.
– Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бәсекелестік өте маңызды, спортшылар бар күшін салып, нағыз шеберлік көрсетіп жатыр. Осы көріністі тамашалай отырып, мен қатысушылардың көпшілігінің кәсібилігіне таңданамын. Барлық құрамалар мықты балаларды әкелді, – деді Санкт-Петербургтен келген жаттықтырушы Зульфакар Усманов.
– Әлем чемпионатында алтынға таласуға келген спортшылардың деңгейінің өте жоғары екенін атап өту қажет. Ресей, Украина, Польша, Испания құрама командаларының дайындығы мықты. Сонымен қатар біздің спортшылар көптеген салмақ дәрежесінде сенімді түрде көш бастап келеді және жүлдегерлер тұғырынан орын алады, – деді Қанат Алин.
11-12 қазанда жарыстың ересектер мен ардагерлерге арналған кезеңі басталады.
А.Бимендиева