Атырауда 130 отбасыға жаңа пәтер берілді
Қала күні қарсаңында Атырауда әлеуметтік осал топқа жататын 130 отбасыға пәтер кілті табысталды.
Пәтерлер халықтың әлеуметтік осал тобына берілетін пәтер кезегі бойынша берілген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин пәтер иелерін жаңа қоныстарымен құттықтады.
«Пәтер беретін кезде халықтың әлеуметтік осал тобына, аз қамтылған отбасылар мен жалғыз басты аналарға басымдық берілді. Осындай жұмыс әрі қарай да жалғасады. Самал және Береке ықшам аудандарында үйлер салынып жатыр. Ол үйлер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Кезек бойынша пәтер беруді жоспарлап отырмыз», - деді әкім.
Пәтер алғандар қатарында көп балалы аналар, ерекше бала бағып отырған жұптар, толық емес отбасылар мен жетім балалар бар.
Екі-үш бөлмелі пәтерлер «Модерн» тұрғын үй кешенінен берілген.
Қазір облыста халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал тобына 132 пәтер берілген. Пайдалануға Нұрсая ықшам ауданындағы «Латифа» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер берілген. Өткен жылдан бері облыста дәрігерлер мен жастарға арналған әлеуметтік бағдарлама іске қосылған.