Көгілдір отын мен көмірдің «жыры» бітпей тұр

Көгілдір отын мен көмірдің «жыры» бітпей тұр
сурет: istockphoto.com
727

Қыс келіп, күн суытса, халық көмірдің әуресімен әбігерге түседі. Бір аймақта – тапшылық, екіншісінде – қымбатшылық. Қала берді, қақаған аязда күніне қаншама рет көмір тасудың қиын екені – анық жайт.

Жылу электр орталықтарын және қа­рапайым тұтынушыларды көмір ор­нына газ жағуға көшіру жұмысын байып­пен жүзеге асыр­ған жөн. Тұрғындарды жә­не экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндеті. Бұл биылғы Жолдауда айтылған тап­сыр­маның бірі болатын.
Үкімет бұл міндетті таяу арада орын­дай ала ма? Қазір аймақтар газ­бен қан­ша­лық­ты қамтылған? Көмір неге қарқынды түрде қым­баттап барады?

Газбен қамту – басты міндет

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауын­да халықты және эко­но­ми­­каны газбен қамтамасыз етудің маңы­зы­на тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма бер­ген еді.
– «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 ша­қы­рымнан астам бөлігін жаңғырту жұ­мы­сы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ та­­­­сымалдау бағдарларын әртараптандыру жә­не оның қуатын арттыру қажет. Тұр­ғындарды және экономиканы газбен қам­тамасыз ету – Үкіметтің басты мінде­ті­нің бірі, – деді Президент. 
2023 жылғы қазанда Ресей газы біздің ау­мақ арқылы Өзбекстанға тасымалдана бас­таған болатын. Үкіметтің мәліметіне сүйен­сек, былтыр 1,28 млрд метр куб газ та­­­сымалданған. Биыл оны 3,8 млрд метр куб­қа дейін ұлғайту жоспарланыпты. Сон­дай-ақ түрікмен және өзбек газын Қы­тай Халық Республикасына транзит­теуде тұрақты өсім байқалған. Сонымен қа­тар Ресей газын Қырғыз Республика­сы­на тасымалдауды арттыру күн тәртібіндегі мәселе болып отыр.
Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бас­таған. Энергетика министрі Ал­масадам Сәтқалиевтің биылғы жаздағы Үкімет отырысында берген мәліметіне сүйен­сек, 2024 жылы 60,5 млрд метр куб газ өндіру жоспарланған, бұл 2023 жыл­ғыға қарағанда 2,3 пайызға артық. Жос­пар­дың жартысына жуығы 1-жартыжыл­дық­та орындалғаны туралы да айтылған. Газ өндіру көлемін ұлғайту, негізінен Қа­ра­шығанақ, Теңіз және Қашағаннан газ өндіру көлемін арттыру арқылы жүзеге асырылмақ. Алдағы уақытта жылына жал­пы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жос­парда бар екен. Әзірге бұл жоба толық іске қосылған жоқ. 
– Сондықтан газды ішкі нарыққа тиім­­ді бөлу қажет. Жылу электр ор­та­лық­тарын және қарапайым тұтынушыларды кө­­­­мір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн. Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қа­ра­ш­ы­ғанақтағы газ өңдеу кәсіпорындары­ның құрылысын тездетуді тапсыра-
мын. Бұл – басты міндет, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
2023 жылдың қорытындысы бойын­ша ел халқының 60 пайызы немесе шама­мен 12 млн адам газбен қамтылған. Биыл газ­бен қамту жұмыстарын жалғастыру мақ­сатында республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлініпті. Ал Үкі­мет­тің жос­пары аясында тағы қосымша 105,4 млрд теңге бөлінген.
– Бұл 300 мыңнан астам адамды газ­бен қамтамасыз етуге және 1 700 шақы­рым­нан астам газ желілерін жаңартуға мүм­кіндік береді, – деген еді Алмасадам Сәт­қалиев.
Осы саланы табысты дамыту үшін ин­вес­тицияның қайтарымын қамтамасыз ете­тін пәрменді ынталандыру шараларын таяу арада қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме баға­ларды белгілеу керек екені де айтылып, нақты бағдар берілді. 
Жаңа газ кен орындарын барлауға жә­не игеруге инвестициялар тарту шең­берін­де QazaqGaz бен Chevron арасында Ақ­төбе облысындағы Жәлібек учаскесінде гео­логиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жү­зеге асыру туралы келісімге қол қойыл­ған.
– 2026-2030 жылдарға дейінгі кезеңде ке­зең-кезеңімен төрт газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жы­лына 1 млрд және 2,5 млрд метр куб, Қар­ашығанақ кен орнының шикізаты не­гі­зінде – қуаты жылына 4 млрд метр куб, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуа­ты жылына 900 млн метр куб газ өңдеу зауы­тын салу көзделген, – деді энергетика министрі.
Министрдің айтуынша, Қа­шаған кен орнының шикізаты негі­зін­де газ өңдеу зауыттарын салу үшін Қатар ин­весторы UCC Holding тартылған. Қазір­гі уақытта QazaqGaz бен UCC Holding ком­паниясы осы жобаларды іске асыру­дың соңғы шарттарын келісіп жатыр. «Қа­рашығанақ» газ өңдеу зауытын салу жо­басы оператор­дың қаражаты есебінен іс­ке асырылатын болады. Биылғы ақпанда EPC тендеріне қатысуға құжаттарды қа­был­дау аяқталды. Қазір әлеуетті өнім берушілердің тендерге берген өтініштері бағаланып жатыр.
Президенттің айтуынша, газ кеніш­те­ріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда, бұл шаралар аса маңызды. Әйтпесе, эко­но­миканы қажетті көлемде газбен қам­та­масыз ету мүмкін емес.

Халық жылуды қайдан алады?

Экономиканы қамтумен қатар, ха­лықтың да көгілдір отынның игі­­­­­­лі­гін толық көруіне жағдай жасау да аса маңызды болып отыр. 2023 жылғы сәуір­де Ұлттық статистика бюросы «Үй шаруа­шылықтарында энергия тұтыну туралы сауалнама» атты жалпыұлттық ста­тистикалық зерттеу жүргізген. Бұл зерт­­теу әр бес жыл сайын өткізіледі. Со­ның нәтижесінде анықталған мәлі­мет­терді сараласақ, үй шаруашылықтарының 56,6 пайызы орталықтандырылған жы­лыту жүйесіне, ал 43,4 пайызы автономды жылытуға қосылған. Қалаларда барлық үй шаруашылықтарының 73,4 пайызы орталықтандырылған қалалық жылыту жүйесіне қосылған, ал 26,6 пайызы жеке жылыту жүйелерін пайдаланады екен. Ауылдарда үй шаруашылықтарының 80,9 пайызы үйлерін өз бетінше жылытады, тек 19,1 пайызы ғана орталықтан­дырыл­ған желілерге қосылған. 
Халық негізінен табиғи газ (40 пайыз) және көмірді (28 пайыз) негізгі отын түрі ретінде пайдаланады. Қалада халық ара­сында тас көмірді (41,7 пайыз), табиғи газ­ды (33,3 пайыз) және бірнеше отын тү­рі­не негізделген аралас жүйелерді (22,7 пайыз) пайдалану кең таралған. 
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 2022 жы­лы ел халқы 7,3 мың тонна көмір жақ­қан. Оның 3,5 мың тоннасы – қалаларда, 3,8 мың тоннасы ауылдарда пайдаланыл­ған. Ал халық тұтынған табиғи газ мөл­шері – 5,1 млн текше метр. Биоотын тұ­тыну көлемі бойынша да ауыл-аймақ алда тұр.
Бұл сандардан елдегі көмір мен газ тұ­тынудың шамамен бірдей дәрежеде екенін байқауға болады, дегенмен ауыл-аймақта біршама айырмашылық бар. Ста­тистикадағы газбен үйін жылытатын ауыл тұрғындарының көбі газбен қам­тыл­ған аймақтарда тұратынын ескерген жөн. Ал газ мүлдем бармаған, тіптен қа­жет­ті инфрақұрылым тартылмаған ай­мақ­тардағы елді мекен халқы көмір не­ме­се биоотынмен жан бағып отыр. Қыс жақындаса, тапшылық, қымбатшылық ауыл халқының бас ауруына айналады. 

Көмір неге қымбат?

Қазір елімізде көмір өндірумен ша­ма­мен 30-ға жуық компания айналысады. Ірі көмір кен орындары негізінен Орта­лық Қазақстанда және солтүстік-шығыс аймақта орналасқан. Дегенмен осы ай­мақ­тарда тұратын халықтың өзінде жыл сайын мәселе туындап жатады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы кө­мір өндіруші компаниялар 112,7 мил­лион тонна қатты отын өндірген. Ком­му­нал­дық-тұрмыстық қажеттілікке – 9 мил­лион тонна, энергетикалық кешен­дер­ге – 65,9 миллион тонна, өнеркәсіп кә­сіп­орындарына 5,9 миллион тонна кө­мір жеткізілген, ал экспортқа 31,9 мил­лион тонна көмір жөнелтіліпті. 
Ал кейінгі жылдардағы көмір бағасы­ның өсу динамикасына назар аударатын бол­сақ, бұл процестің жеделдеп жатқа­нын көреміз. Мысалы, 2022 жылғы мау­сымда тұтыну бағасының жылдық өсімі 9,2% болса, 2023 жылдың басында баға 13,1%-ға жеткен. 
Жалпы, кейінгі жылдары көмірдің қым­баттауына бірқатар фактор әсер ет­кен. Олардың бірі — көмір өндіруші ком­паниялардың өздері бағаны өсіруі. Ста­тис­тикаға сүйенсек, 2023 жылы жеткізу­ші­лердің бағалары айтарлықтай өскен. 2022 жылғы маусымнан биылғы ақпанға дейін бағаның бір жылдағы өсімі 20 пайыздан асқан. 
Ескере кететін маңызды жайт – кәсіп­орын­дардағы баға индекстерінің өсуі, тұ­тыну бағаларының индекстерінен айыр­­­­машылығы бұл сегменттегі өсім түп­кілікті бөлшек бағаға тікелей әсер етеді де­ген сөз емес. Абсолютті деректерді қа­рас­тырсақ, өндірушілердің бағасы тұ­тыну­шыларға жеткен соңғы бағалардан ке­мінде 3-4 есе төмен екенін байқауға бо­ла­ды. Халыққа арналған түпкілікті ба­ғаға қосымша шығындар кіреді, сон­дық­тан қымбаттаудың динамикасы жо­ғары бағалармен салыстырғанда басқаша болады.
Егер елдегі коммуналдық-тұрмыс­тық кө­мірдің көтерме бағаларын қарасақ, бөл­шек бағалардан әлдеқайда төмен сан­дарды көреміз. Мысалы, Бәсе­ке­лестікті қор­ғау және дамыту агентті­гі­нің деректері бойын­ша былтырғы қаң­тар-маусым ай­ларында халық үшін қатты отынның ор­таша салмақталған тоннасы әртүрлі өн­дірушілерде ҚҚС-сыз 4,3 мың теңгеден 6 мың теңгеге дейін өзгерген. Ал жылу электр стансаларына арналған энер­ге­ти­калық көмірдің бағалары өзгеше: 2,2 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) болған.
– Энергетикалық көмір энергия өн­діру­ші және өнеркәсіптік кәсіпорындарға тіке­лей сатылса, коммуналдық-тұр­мыс­тық көмір делдалдар арқылы сатылады. Көмір өндіруші компаниялар үшін тауар биржаларында сауда жасау маңызды рөл атқарады. Монополияға қарсы тексеру нәтижелері көрсеткендей, 2019 жылы биржалық саудада жасалған мәмілелердің 90 пайыздан астамында көмірді жеткізу қарастырылмаған. Өндірушілер өнімді «тиімсіз» делдалдар арқылы әлі де тасы­мал­дап жатыр, бұл халыққа жететін кө­мір­дің бағасын орта есеппен 40-45 пайыз­ға қымбаттатады, – деп айтылған Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2022 жылғы маусымның аяғында жария­лаған есебінде.
Мысал ретінде былтырғы желтоқ­сан­да «Қаражыра» көмір кен ор­нында жүргізілген сауда-саттықты кел­тіруге болады. Компания 120 мың тон­на көмірді тоннасына 6,5 мың теңгеге «Ха­лық Көмір» ЖШС-ге сатқан. Өз кезе­гін­де, бұл жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тік көмірдің бір бөлігін «Халық Көмір» жеке кәсіпкерлігіне 12,6 мың теңгеден, яғни екі есе қымбат бағаға сатқан. Соны­мен қатар, «Халық Көмір» ЖШС меншігін­де немесе жалға алған инфрақұрылымы, өл­шейтін техникасы немесе тиеп-жеткі­зе­тін көліктері жоқ. Бұл ақпаратты Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту агентті­гі­нің мамандары да жария етті.
Коммуналдық-тұрмыстық қажетті­лік­ке пайдаланылатын көмірдің биржа сауда-саттығындағы біршама бөлігі дел­далдарға тиесілі. Олардың саны мен құ­ра­мы соңғы бірнеше жылда өзгеріссіз қал­ды. Былтырғы қыркүйекте «Шұбаркөл көмір» 3,2 миллион тонна көмірді сатуға шығарды, оны бірнеше минут ішінде 16 аймақтық оператор және 10 делдал сатып алды. Осыдан кейін Бас прокуратура осы жайтты тексерді, бірақ заң бұзу анықтал­мады. Дегенмен өткен жылы «Шұбаркөл көмір» коммуналдық-тұрмыстық қажет­ті­лікке пайдаланылатын көмірді тонна­сы­на 6,2 мың теңгеден сатқан, ал аймақ­тағы операторлардың бағасы 11 мыңнан 17 мың теңгеге, ал түпкілікті баға 25 мың­нан 30 мың теңгеге дейін жеткен.
Жалпы, еліміздегі көмір нарығы мо­нополияланған деп есептелетіні жасырын емес. Былтыр үш ірі жеткізушінің нарық­тағы жиынтық үлесі 80 пайыз болған. Бә­секелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің мәліметіне сүйенсек, бұл 2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. 
Агенттік сарапшылары монополис­тер­дің әрекетіне қарсы күрестің тиімділігі байқалып отырмағанын да айтып өтеді. Айта кету керек, көмір нарығы мемлекет тарапынан реттелмейді, оның бағаларын нарық қалыптастырады. 
Energy Monitor қоғамдық қорының ди­рек­торы, мұнай-газ саласының сарап­шысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, халықты толықтай газбен қамтуға қажет­ті инфрақұрылымның болмауы кедергі болып отыр. Сондай-ақ толық қамтыған күн­нің өзінде бағасы қымбат болуы ық­тимал.

Нұрлан Жұмағұлов,
Energy Monitor қоғамдық қорының директоры,
мұнай-газ саласының сарапшысы:

Инвестиция тарту үшін бағаны қымбаттату керек болады

– Халықты газбен қамту деңгейі жыл сайын бір-екі пайызға өсіп келеді. Қазір 61 пайызға жетті. Негізінен сол­түс­тік-шығыс өңірлерде газ жоқ. Өйткені құбыр жоқ. Бұл ба­ғыт­та да қазір жұмыс жүріп жатыр, Ресейден Қытайға ке­те­тін құбыр салу қарастырылуда. Сол салынса, солтүстік-шығыс аймақтарға газ жетуі мүмкін. Бірақ оның бағасы қымбат болуы ықтимал екенін де ескерген жөн. 
Анығы, газ бағасы жыл сайын қымбаттап отырады. Шамамен 10-15 пайызға өседі. Себебі қазір газдың бағасы бізде өте арзан. Кейінгі 20-30 жыл жылда газ компаниялары газ қойнауын ашпаған. Өйткені инвестициялық тұрғыдан тиімсіз болып есептеледі. Ал инвестицияны тарту үшін, газ саласын дамыту үшін ұлттық компания – QazaqGaz сатып алу бағасын көтеріп келеді. 
Қазір газ негізінен энергетика саласына, үлкен ірі кәсіпорындарға жұмсалады. Егер де біз қазір 5 миллиард текше метр газды Қытайға экспорттасақ, алдағы бір-екі жыл­да экспорт мүлдем тоқтауы мүмкін. QazaqGaz газды қымбат бағамен сатып ала­ды да, халыққа арзан бағамен сатады. Мысалы, газдың орташа құны текше метріне – 30 теңге. Ал QazaqGaz оны 20 теңгеге сатып алады. Өйткені оны тасымалдау құны да бар ғой. Мысалы, бір өңірден бір өңірге сіз құбыр арқылы тасымалдайсыз. Өзіндік құны тағы бар. Ал QazaqGaz халыққа арзан бағаға, экспортқа қымбат бағаға сатып, тепе-теңдікті сақтауға тырысып келеді. Егер экспорт азайса, QazaqGaz компаниясы шығынға ұшырауы мүмкін. Сол үшін біртіндеп жыл сайын бағаны өсіріп жатыр. Ал енді аз қамтылған отбасыларға газдың бағасы өте төмен бағада сатылып отырады.

Қорыта айтқанда, Үкімет халық пен экономиканы газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр деп есеп беріп отыр. Көмір нарығында мәселе көп. Көмірдің бағасы бәсекелестікке келіп тіреледі. Ал газ халыққа арзанға түспеуі мүмкін, онсыз инвестор тартуға мүмкіндік ашылмайды.  Жалпы, кешенді мәселені шешу үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс қажет.

Серіктес жаңалықтары