Тамара Дүйсенова Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесті

Тамара Дүйсенова Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесті
461

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылармен кездесіп, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша аудан және ауыл әкімдерімен кеңес өткізді. 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын іске асыру нәтижелеріне оң баға берді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз ісін ашу үшін жеңілдігі бар шағын несие алады. Сондай-ақ, бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін мемлекет қайтарымсыз гранттар береді.

Қобда ауданының тұрғыны Рәзия Ғалиева «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,5 млн теңге несие қаражатын алып, тігін шеберханасын ашты. Мемлекеттік қолдау аясында бөлінген қаражатқа ол киім тігіп шығару мүмкіндігін кеңейтетін станок сатып алған. Қазір мұнда 16 адам жұмыс істейді. Олардың жартысы «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысқа орналастырылыпты, 1 қызметкер «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында келген.

Вице-премьер жобаға қатысып жатқан басқа да жандармен кездесті. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағдарламасы түрлі салаларда бизнеспен айналысуға мүмкіндік берді. 

Сапар аясында вице-премьер облыс аудандары мен ауылдарының әкімдерімен кеңес өткізді. Тамара Дүйсенова ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа құрал – тауарлық несиелеу енгізілуде. Ақтөбе облысында бұл әдісті тараптарды сақтандыру арқылы сүйемелдеу туралы шешім қабылданды. Осылайша, несие беруші үшін де, оны алушы үшін де тәуекел алынып тасталады. Осылайша 100-ден астам ірі қара мен 4,5 мың қой сатып алуға ақшалай қаражат берілді.

Тамара Дүйсенова аталған тәжірибені кеңінен қолдануға шақырды. Жиында басқа облыстардың да кейстері ұсынылды. Мәселен, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында өңір әкімдігі мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясы арасында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін пайдалану туралы меморандумға қол қойылған еді. Облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов алғашқы нәтижелермен бөлісті. Оның сөзінше, компания 500 келіден астам сары май мен 170 мың жұмыртқа сатып алған. Ет өнімдерін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Біздің міндетіміз – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Несиелік қаражатқа өз ісін ашқандар үшін өнімді сату мәселесі маңызды. Батыс Қазақстан облысының тәжірибесін басқа аймақтарда да қолдануға болады. Бұл барлық тарапқа тиімді. Компания таза әрі сапалы өнім сатып алады, ауыл тұрғындары өнімін өткізу мәселесіне алаңдамайды», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова. 

 

 

Серіктес жаңалықтары