"Баға өте қымбат": Депутат ақылы жолдарға қатысты мәселе көтерді

Ұласбек Сәдібековтің сөзінше, ақылы автобанға халықтың көңілі толмайды.

"Баға өте қымбат": Депутат ақылы жолдарға қатысты мәселе көтерді
сурет: parlam.kz
277

Депутат, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға ақылы жолдардағы тарифке қатысты депутаттық сауал жолдады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері ел аумағында 1300-ге жуық адам жол апатынан көз жұмып, 16 мың адам зардап шеккендігін көреміз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Президент жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін жеткізді, – деді депутат.

Оның сөзінше, ақылы автобанға халықтың көңілі толмайды. 

Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуімде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ақылы жолындағы жағдайлар жүргізушілер мен жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатып отырғанына куә болдым. Себебі, жол апаты көбейіп, соның салдарынан қайтыс болушылардың қатары артқан. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың 8 айында автобанда 64 рет жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан  89 адам дене жарақатын алған. 21 адам көз жұмған. Бұған басты себеп, біріншіден ақылы жолдың талапқа сай келмеуі болса, екіншіден жүргізушілердің жауапкершілікті сезінбеуінен деп білемін. Жолдардың сапасы сын көтмейді. Әсіресе, Шымкент пен Түркістан арасындағы жолдың тоз-тозы шыққан. Жол бойындағы сервис те ақсап тұр. Жүргізушілерге де лайықты жағдай жасалмаған. Жол жиектері қоршалмаған. Соның салдарынан жол үстіне шығып кеткен жылқыларға соқтығысып жатқан көліктер көп. Ақылы жолға қатысты екінші жағдай – бағалар өте қымбат. Шет елдердегі автобан құнымен салыстырғанда, біздегі жүк көлігінің жүргізушілері 3 есе қымбат төлейтіндіктерін айтып, шағымдануда, – деді депутат.

Осы айтылғандарды ескере отырып, депутат мына мәселелерді шешуді қолға алуды ұсынды:

1. Жоғарыда аталған жолда жолаушылардың қауіпсіздігін күшейту. 

2. Жолдар жөнделіп, талапқа сай болғанша ақылы жолдағы бағаны төмендету. 

3. Түркістан мен Шымкент қаласының арасын байланыстыратын жылдам жүретін жолаушылар пойызын қоюды қарастыру(электричка). Бұл сонда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер мен қалаға келген туристерге де өте тиімді болар еді. Әрі жолдағы көлік ағынының азаюына септігі тиеді. Бұл жол апатынболдырмаудың басты себебі болар еді, – деді Ұласбек Сәдібеков.

Серіктес жаңалықтары