«Дайындалып келген»: Алматыда шатырдан құлаған оқушылардың өліміне қатысты куәгерлер жаңа дерек айтты

Қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар шатырдан белгісіз препараттарды тауып алған

1134

Алматыда 7-сынып оқушысы сегізінші қабаттан құлап қаза тапқан оқиғаның куәгерлері жаңа деректерді бөлісті. Бұл туралы turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрғындар жеткіншектер секіріп кеткен жерден адамның бұлшық етін босатып, ұйықтататын әсері бар бірнеше дәрі тауып алған. Қазір оқиғаға қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. Әзірге белгілісі екі оқушы сабақ ортасында мектептен шығып кеткен екен.

Тоғыз қабатты тұрғын үй қазір құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында. Мектеп формасын киген екі қыз үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Таңғы сағат 10 шамасында жасөспірімдер көтеріңкі көңіл-күймен подъездердің біріне кіріп кеткен.

“Біреуінің беті төмен қарап жатты. Екіншісі былай. Мен оларды танымаймын. 25 мектептен дейді. Біреуі күрте киген. Екіншісі рюкзакпен болды”,  – дейді оқиға куәгері Галина Васильева. 

Алматыда оқушы қыздардың мәйіті табылғаннан кейін балалар жаппай өз-өзіне қол жұмсап жатыр деген қауесет тарады

Куәгерлердің айтуынша, қыздар шатырда жарты сағаттай болған. Қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар шатырдан белгісіз препараттарды тауып алған.

“Ұйықтататын дәрілер, пышақтар, аяқ киімдер бар. Қысқасы, олар дайындалып келген. Яғни, қыздар. Оның үстіне олар құлаған кезде ешкім айқайлаған жоқ. Түсінесіз бе? Олар бірдеңе тұтынған”, – дейді оқиға куәгері. 

Бұл уақытта оқушы қыздардың неліктен сабақта болмағаны әзірге белгісіз. Қыздар оқитын гимназия әкімшілігі түсініктеме беруден бас тартты. Ал қалалық білім басқармасы мектепте тексеріс жүргізіп жатыр, арнайы комиссия құрылған.

“Бүгін Алмалы ауданында екі қыздың өмірін қиған қайғылы оқиғаға байланысты Алматы қалалық білім басқармасы істің барлық мән-жайын зерделеу үшін тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарту арқылы комиссия құрды”, – деді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.

Сондай-ақ Алматыдағы барлық тұрғын үйлердің шатырлары мен шатырларға кіру жолдары тексерілетін болады.

“Алмалы ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себеп-салдары мен мән-жайы анықталып жатыр”, – деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Серіктес жаңалықтары