«AMANAT» әскердегі тәртіпті талқылады

Әрбір жігітке Отан алдындағы боры­шын өтеу – мемлекет алдындағы па­рыз. Алайда кейінгі кезде ақпараттық кеңістікте Қару­лы Күштер қатаң сынға ілігіп жатқаны жасырын емес.

«AMANAT» әскердегі тәртіпті талқылады
сурет: amanatpartiasy.kz
405

«AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесі әскердегі заң мен тәртіп: сарбаздардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелері тақырыбында отырыс өткізді.

Қазақстандағы әскери қызмет дегеніміз – мем­лекеттің тәуелсіздігін, территориялық тұтастығын және ха­лықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңыз­ды аспект. Әрбір жігітке Отан алдындағы боры­шын өтеу – мемлекет алдындағы па­рыз. Алайда кейінгі кезде ақпараттық кеңістікте Қару­лы Күштер қатаң сынға ілігіп жатқаны жасырын емес. 
Кейінгі жылдары Қазақстанның әскерінде Отан ал­дындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар мен әскери қыз­метшілер арасындағы өлім-жітім оқиғаларының кө­беюі маңызды мәселеге айналып отыр.
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев кейбір блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары басқалардың қайғысынан пайда мен хайп іздеп, жасанды және Қарулы Күштерге қатысы жоқ сарапшылар өз кәсібилігі мен құзыретінен тыс бағыт­тар­да жағымсыз сындар айтады деп пікір білдірді. 
– Соңғы үш жылда Қарулы Күштерде жарғыдан тыс қатынастардан болатын қылмыстардың үлесі – 43 пайыз, яғни 2021 жылы 40-тан 2023 жылы 23-ке дейін азайған. Өз кезегінде, жарғыдан тыс қатынастардың алдын алу Қорғаныс министрлігі басшылығы қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі және сарбаздарды казармалық бұзақылықтан қорғау, құқықтық тәртіп пен әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ке­шен­ді шаралар қабылдауда. Олардың көбі шындыққа жанаспайды және бұрмаланады, – деді генерал-майор. 
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азамат өз елінің әскери қызметін орындауға міндетті. Бұл борыш «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заңмен реттеледі.
– Отанын қорғауға барып, кебінге оранып қайтқан өрендердің жағдайы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Биылғы Жолдауында «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деген болатын, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Н.Сәрсенғалиев. 
Жалпы, 2021-2023 жылдары Қазақстанда 270 әскери қыз­меткер көз жұмған, оның 90-ға жуығы суицидке барған. 
– Өз кезегінде, әрбір оқиғаға қатысты қызметтік тексерістер тағайындалып, оқиғаның себептері және лауазымды адамдардың қаншалықты айыпты екені анықталады, оларды қатаң жауапкершілікке тарту туралы бұйрықтар шығарылады. Егер факт жасырылған болса, шаралар одан да қатаңдатылады. Ауыр оқиғалар болған жағдайда істің толық мән-жайын анықтау және сәйкес шаралар, соның ішінде кадрлық шешімдер қабылдау үшін, оқиға орнына басшылықтың баруы ұйымдастырылады.
Әскери бөлімдерде жеке құрамға бақылау «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» «Отбасымен бейнеқоңы­рау» жүйелері, әскери қызметшілердің арасында құқық бұзушылықтардың, қазалардың, жарақаттардың алдын алу бойынша практикалық іс-әрекет алгоритмі арқылы жүргізіледі. Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақ­сатында әскери бөлімдерде профилактикалық кабинеттер мен сенім телефондары қызмет атқарады, оған кез келген әскери қызметші арыздана алады. Бұдан бас­қа, әскери қызметшілердің мінез-құлықтарына он­лайн-бақылау жасау үшін қызметтік үй-жайлар, соның ішінде казармалардың жатын бөлмелері видеокамера­лармен жасақталған. 
Біз жауапкершіліктен қашпаймыз және әрбір сар­баздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүдделі екені­міз­ді жақсы түсінеміз. Қорғаныс министрлігінің басшы­лығы әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша шаралар қабылдайтынына сіздерді сендіргім келеді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, ге­нерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев. 
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мем­лекеттік қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің негізгі инс­ти­туттарының бірі. 
Ұлттық ұланға жүктелген міндеттердің мемлекеттік маңызы әскери қызметшілерден жоғары жауынгерлік әзірлікті, жауынгерлік даярлықты, берік әскери тәртіпті, заң­дылық пен құқықтық тәртіпті, жоғары моральдық жә­не жауынгерлік рухын сақтауды талап етеді. Идео­ло­гиялық беріктік, қырағылық, мызғымастық, табандылық пен батылдық – бұл жауынгерлердің қызметтік-жауын­гер­лік тапсырмаларды орындау барысында қажетті ажыра­мас қасиеттері.
– «Ашық үкімет» қағидаты бойынша Қарулы Күш­тер­ді цифрлық трансформациялау және халықпен өзара іс-қимылды жақсарту шеңберінде Қорғаныс министр­лі­гімен ARMIA.KZ ақпараттық сервисі әзірленді, оның бас­ты мақсаты әскери қызмет және Қарулы Күштер туралы ашық, расталған және өзекті ақпараттарды ұсыну арқылы  азаматтардың Қарулы Күштерге сенімін арттыру бо­лып табылады. Сервисте жан жақты жасанды интел­лект жүйесі бар, ол ақпаратты және сұрақтарға жауап­ты тез арада табуды қамтамасыз етіп, халықпен өзара іс-қи­мыл деңгейін арттырады. Әскери тәртіпте артта қалған бөлімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігінің мобильді тобы жолданып отырады, – деп түйіндеді Ұлттық ұлан Бас қолбашысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов.
Жиын соңында кеңес мүшелері аптаның аяғына дейін өз ұсыныстарын «Жастар Рухы» ЖҚ хатшылығына жолдайтын болады. 

Серіктес жаңалықтары