Өз жерімізде өтіп жатқан додада ұлттық спорттың биігін бергім келмеді – Назерке Азаматова
Күні кеше 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ерлерден қалыспай, төрт бірдей аруымыз алтын жүлде еншіледі.
Сол аруларымыздың бірі – Назерке Азаматова. Ол 52 келі салмақта сынға түсіп, қарсылас шақ келтірмеді.
«Финалда белдескен өзбекстандық қарсыласыммен бұрын кездеспегенмін. Бапкерлерім ақыл-кеңесін берді. Ал ең қызығы әзірбайжандық қарсыласыммен өткен белдесу болды. Жақсы күреседі. «Атамекен» әні шырқалғанда, бүгінгі жеңіс менікі болатынын түсіндім», - деген еді өзі.
Бүгін біз балуан қызға хабарласып, аз-кем тілдескен едік.
Назерке Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, Бабатай ауылында 2002 жылы дүниеге келген. Жалпы күрес түрлерімен айналысып жүргеніне 13 жылдан асыпты.
«Мен күреске өзім бардым, құрбыларыммен бірге бардым, сөйтіп қызығып, жарыстарға қатысып, орын алып, кәсіпқой спортшы болуды мақсат еттім. Өзіме үлкен талап қойдым. Әуелде дзюдодан бастадым. Қазіргі таңда қазақ күресімен айналысамын», - дейді Назерке.
Осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістігі де аз емес. Дзюдодан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы және 3 дүркін ҚРЧ жүлдегері, Азия Кубогының қола жүлдегері, Қазақ күресінен 5 дүркін Қазақстан чемпионы атанған. Бұл тізімге кешегі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесі қосылды.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бірінші рет қатыстым. Алтын аламын деп келдім. Барлық спортшының мақсаты – өз еліне алтын сыйлау. Меніңде мақсатым сол болды! Оңай қарсылас болмады, әр қарсыласым өзінше дайындалып келген. Өзіміздің ұлттық спорт болғандықтан және өз жерімізде өтіп жатқандықтан намысты қолдан бермей, алтын алуға ұмтылдым. Алтын жүлденің қуанышы өте керемет, бөлек сезім! Маған қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша қазақ еліне, бапкерлеріме үлкен алғыс айтамын!», - дейді ару қызымыз.
Назерке бастапқыда Ауыл шаруашылық колледжінде агрономия мамандығын оқыған екен. Кейін спорт саласына ауысып, Қазақ спорт және туризм академиясында білім алған.
Ендігі мақсаты алда келе жатқан Әлем чемпионатында көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды ойнату екен. Спортшымызға сәттілік тілейміз!