Алтын Орда мен Мәмлүктер
Осыған байланысты Египет пен Алтын Орда арасындағы саяси қарым-қатынастарға негіз болған факторларды анықтаудың маңызы зор. Сол маңызды факторлар екі жақты қарым-қатынастардың басталуына негіз қалайды.
Қай дәуірде, қай ғасырларда болмасын Еуразия құрлығы, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс аумақтарының түйіскен жерлерінде, сондай-ақ оларға іргелес аумақтарда өмір сүрген мемлекеттер мен империялардың бір-бірімен жүргізген саяси, экономикалық, мәдени, діни байланыстары мен қарым-қатынастары бүкіл адамзат баласының тарихи дамуының ішкі ағымдарын, оның басты бағыттарын, сипаттарын анықтап отырды.
Осындай аса маңызды жағдай XIII ғасырдың екінші жартысынан XVI ғасыр басына дейінгі аралықта да жалғасын табады. Осы бір тарихи кезеңде аталған аумақтарда Египет пен Таяу Шығыстың батыс бөлігінде – Мәмлүктер сұлтандығы (1250-1517), Таяу Шығыстың бір бөлігі мен Орта Шығыста – Хұлағу әулетінің немесе Елхандар әулетінің мемлекеті (1256-1353) және Еуразия құрлығының қақ ортасында алдыменен Жошы Ұлысы (1224-1242) және оның жалғасы болып Алтын Орда империясы (1242-1502) өмір сүрді. Олардың бір-бірімен жүргізген әртүрлі бағыттардағы қарым-қатынастары сол тұстағы халықаралық жағдайдың көрсеткіші болды деуге болады. Оның ішінде кейбір жекелеген бағыттар бүгінгі күндерге дейін өзінің тікелей салдарлары мен ықпалдарын сақтап отыр. Солардың қатарына 1260-1277 жылдары Египет пен Таяу Шығыстың батыс бөлігіндегі Мәмлүктер сұлтандығын билеген Сұлтан Бейбарыс пен дәл осы жылдары Алтын Ордада билік құрған Берке хан мен Меңгу Темір хандар тұсындағы қарым-қатынастар жатады. Екі жақ тарапынан да бұл қатынастар өзара тиімді, өзара пайдалы және екі жақ үшін де маңызы жоғары болды. Осыған байланысты Египет пен Алтын Орда арасындағы саяси қарым-қатынастарға негіз болған факторларды анықтаудың маңызы зор. Сол маңызды факторлар екі жақты қарым-қатынастардың басталуына негіз қалайды.
Жалпы алғанда, XIII-XV ғасырлардағы Алтын Орда мен Египет арасындағы, сол сияқты осы ғасырлардағы Алтын Орда мен Иран, Иран мен Египет арасындағы қарым-қатынастардың барысы сол заманның өзінде қағаз бетіне түсіріліп тарихқа енген. Күні бүгінге дейін олардың бірталайы орыс тіліне аударылып, арнайы түрде «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағының» (СМИЗО) екі томына енгізілген. Бұл жинақта XIII-XV ғасырлардағы Египет пен Алтын Орда арасындағы сауда, елшілік байланыстар мен саяси қарым-қатынастарды көрсететін араб тіліндегі 26 шығарманың үзінділері кездеседі де, олардың кейбірі тікелей Сұлтан Бейбарыстың билігі (1260-1277) тұсындағы Египет пен Алтын Орда арасындағы қатынастар туралы өте құнды мәліметтерді баяндайды.
Біз де өз кезегінде ғылыми айналымдағы материалдар мен жаңа, соңғы жылдардағы тың тарихнамалық материалдарға сүйене отыра, екі жақты қатынастардың бәрін толықтай қамтымай, тек Египетте 1260-1277 жылдары билікте болған Сұлтан Бейбарыс тұсындағы қарым-қатынастардың қалыптасуының негізгі себептеріне тоқталамыз.
1235 жылғы Қарақорымда өткен моңғол ақсүйектерінің Құрылтайында батысқа қарай «моңғол жылқысының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі жерлердің» жаулап алынылуы қарастырылып, оң шешімін тапқаны бәрімізге белгілі. Ол шешімді Шыңғыс ханның Жошыдан туған немересі Бату хан «Батысқа қарай жеті жылдық жорық» деп аталатын 1236-1242 жылдары жүргізілген жорығында жүзеге асырады. Сөйтіп, Жошы Ұлысының аумағы Жайық өзені бойынан батыста Венгрия мен Польшаға дейін кеңейеді. Ал Ұлыстың саяси орталығы Ертістің жоғары ағысы бойы мен Алакөл көлі жағынан Еділдің төменгі ағысы бойына ауысады. 1242/1243 жылдар – шартты түрде Жошы Ұлысының негізінде жаңа империяның Алтын Орданың пайда болған жылы деп есептеледі. Бұрын бұл аумақтарда бірнеше ондаған үлкенді-кішілі тіні мен діні, тілі мен тегі, мәдениеті мен руханяты жағынан әртүрлі халықтар өмір сүріп, әрқайсысының жеке мемлекеттік құрылымдары болып, олар саяси жағынан бытыраңқылық жағдайда өмір сүріп жатқан еді. Ал жеті жылға созылған жаулап алудан соң «моңғол жылқысының тұяғы жеткен жердің бәрінде» бір ғана түс пайда болады және ол орасан зор аумақ бір ғана атаумен атала бастайды.
Алғашында орталығы Қарақорым болып саналған Моңғол империясы сырттай біртұтас болып көрінгенімен, Бату ханның (1227-1255) тұсында-ақ өзінің Қарақорымнан дербестігін байқата бастаған еді. Бұл дербестік Берке хан (1257-1266) кезінде одан әрі тереңдейді. Берке хан сыртқы саясатты Қарақорыммен санаспай дербес жүргізеді. Ол жөнінде біз төменде тоқталамыз. 1267-1280 жылдары билікте болған Бату ханның немересі Меңгу Темір хан тұсында Сарай қаласы Қарақорымнан біржолата ат құйрығын кесіседі.
Осы кездерден бастап Бату негізін қалаған жаңа мемлекеттің атауы әртүрлі деректерде түрлі нұсқаларда айтылады. Тіпті, оларды ешкім де санаған емес. Соған қарамастан мынадай атаулар кездеседі: Жошы ұлысы, Дешті қыпшақ, Қыпшақ, Бату үйі, Берке елі, Ұлы ұлыс, Солтүстік патшалық, Тоқмақ, Тоқмақ ұлысы, Моңғол мемлекеті, Өзбек мемлекеті, Өзбек ұлысы. Қазіргі күндері ғылыми зерттеулерде жиі қолданылып жүрген тағы бір атау бар, ол – Алтын Орда атауы. Біз де осы атауды қолданатын боламыз.
Зерттеушілердің пікірінше, Алтын Орданың мемлекеттік құрылымының негіздері Бату мен Берке хандар тұсында қаланады. Бұған дейін айтып өткеніміздей, дамуы жағынан әртүрлі деңгейдегі тілі мен тіні, діні мен тегі жағынан әртүрлі шаруашылық түрлері де әртүрлі халықтар мен ұлыстар жаулап алу нәтижесінде ортақ саяси кеңістікке біріктіріледі. Саяси кеңістік уақыт өте келе экономикалық, мәдени, діни, тіл кеңістігіне жол ашады. Орталық хандық билік пен әкімшілік басқару жүйесі тұрақталып, бірте-бірте орталық атқару билігін қалыптастырады. Ал сыртқы саясатта жағдай басқаша болды.
Алтын Орданың 1240-1250 жылдары қалыптасуы кезеңінде оның оңтүстігіндегі Бағдат халифаты өзінің бес ғасырлық тарихының соңғы жылдарын басынан өткеріп жатты. Иранды толық жаулап алу мәселесі Қарақорымда шешіліп, оны жүзеге асыру Мөңке қағанның інісі Хұлағуға тапсырылады. 1253 жылы Моңғолиядан аттанған Хұлағу 1256 жылға дейін Амударияның арғы жағына өтпейді. Өйткені Алтын Ордадағы жошылық сұлтандар Иран мен Иракты өздерінің ықпалындағы аудандар деп санады, ол аумақты басқалардың жаулауына наразы болды. Бұл жөнінде араб тарихшысы әл-Омари (1301-1349) мынадай мәліметтер береді: «... Жошының белгілі ұлдары Бату мен Берке. Олардың әкесі қайтыс болмай тұрып әкесі Шыңғыс хан оған Дешті қыпшақты берді және оған Арранды, Тебризды, Хамаданды, сондай-ақ Мераруды қосып алуға рұхсат етті». Негізінен, Бату хан осы мәселе бойынша Шыңғыс ханның өсиетіне сай Иран жері болашақта Жошы ұлысының құрамында болуы керек деген ойда болып, Хұлағудың Иранға жорығына қарсы болды. Ал Берке хан болса, Хұлағудың Иранды бағындыруына мүлде қарсы екенін білдіреді. Ол жөнінде тағы да әл-Омари былай деп жазады: «Хұлағу ағасы Мөңкені алдаусыратып халиф иеліктерін бағындыру керегін айтып, сол мақсатпен аттанды. Бұл хабар Беркеге жетті, оны ол жақтырмады, өйткені халиф пен Берке арасында достық қалыптасқан еді. Ол ағасы Батуға: «Біз Мөңкені хан көтердік, сол үшін ол бізге не қайтарды», – дей келе, «Біздің жасаған жақсылығымызды біздің достарымызға қарсы зұлымдықпен қайтармақ па, біздің келісімдерді бұзып отыр, халиф иеліктеріне яғни менің одақтасыма көз салып отыр, ал мен болсам, халифпен хат алысы тұрамын және достық байланысымыз бар». Бұл жерде Берке мен халиф арасындағы достықты алғашқының мұсылман болуымен байланыстырамыз. Осылайша, әлі Хұлағу Иранды бағындырмай және Иранда оның әулетінің мемлекеті құрылмай тұрып, алтынордалықтар билеушілермен болашақтағы қарым-қатынастарының негізі айқын көріне бастайды.
Осыдан кейін шұғыл түрде Бату хан Хұлағуға хат жолдап, орнынан жылжымау жөнінде айтады. Соған сай Хұлағу әскері екі жыл Амудария бойында тұрақтайды. Тек, 1255 жылы Бату ханның өлімінен кейін ғана Хұлағу әскері Иранды бағындыру үшін Амударияның арғы жағына өтеді. 1256 жылы исмаилиттер тізе бүкті, ал 1258 жылы Бағдат алынып, Халиф Мұстасим сол жылы 20 ақпанда өлтіріледі. Осылайша, 750-1258 жылдар аралығында 500 жылдан артық өмір сүрген Бағдат Халифаты өзінен мықты қарсыластың алдында жеңіліп, тарихтың көшінде қалдырылады. Одан әрі моңғол әскерлерінің Иран мен Иракты толық бағындыруы жеңіспен жалғасады. Одан әрі Сирия мен Палестина жерлерін бағындырудың жоспары жасала бастайды. Хұлағу болса, Халифаттың бар байлығына өзі жеке-дара иелік етіп, Иранда 1265 жылға дейін, ал ұрпақтары Елхандар әулеті деген атаумен 1353 жылға дейін Иранда билік құрады.
Алтын Орданың алғашқы ханы Бату Хұлағудың Иранды жаулап алуына қалай қарсы болса, ал Берке хан жаулап алынғаннан кейін наразылық бірден ашық соғыстарға ұласып кетеді. Осылайша, Алтын Ордадағы жошылық әулет пен Ирандағы Елхандар әулеті арасындағы қарым-қатынастардың негізін құраған факторлар осы кезде бірден анық көрініс берді деуге болады. Осы факторлар Иранның Египетпен жасаған қарым-қатынастарына да әсерін тигізеді.
Ал дәл осы кездері, яғни XIII ғасырдың 50-жылдары Египет пен Таяу Шығыстағы саяси жағдайға келсек, өте күрделі болатын. Бір жағынан ішкі саяси қайшылықтармен байланысты туындаған дағдарыстар, кресшілердің жорықтары Египеттегі Аюбилер әулетінің билігін әлсіретеді. 1250 жылы Аюбилер әулетінің соңғы билеушісі Туран шах өлтіріліп, 10 жыл бойы саяси өрт толастамайды. Осындай жағдайды пайдаланған Иранның жаңа билеушісі Хұлағу 1259 жылы Сирияның ең ірі екі қаласы – Алеппо мен Дамаск қалаларын басып алады. Одан әрі алға жылжыған моңғол әскерін Палестинадағы Айн-Жалут деген жерде мамлюк әскерлерінің басшылары Құтыз бен Бейбарыс жеңіліске ұшыратады. Бахрит мамлюктерінің басшысы, тегі қыпшақ, Дешті қыпшақ аумағында дүниеге келген Бейбарыс 1260 жылы Құтызды жеңіп билікке келеді. Сөйтіп, оның 1260-1277 жылдар аралығындағы 17 жылға созылған билігі басталады.
Тарихта Египеттегі Мәмлүктер мемлекетінің төртінші сұлтаны болған – Рукн ад-дин Бейбарыс әл-Мансури әл-Мысридың билігі тұсында Египеттің қуаты артып, халықаралық беделі артады. Оның беделінің артуына Алтын Ордамен жүргізілген қарым-қатынастар көп жәрдемін тигізеді.
Сұлтан Бейбарыстың хатшысы Ибнабдеззахыр (72 жасында 1293 жылы Египетте қайтыс болған) сол кездегі саяси оқиғалардан, әсіресе, Египет пен Алтын Орда арасындағы саяси байланыстар тарихын жақсы біле отыра, өз еңбегінде екі жақты қарым-қатынастардың қалыптасуын, тарихын да айтып өтеді. Ол былай деп жазады: « 660 жылы (26 қараша 1261 жылы – 14 қараша 1262 жыл) ол (Эльмелик – Эззахыр) (Сұлтан Бейбарыстың ресми есімдерінің бірі – автор) Ұлы Татар патшасы Беркеге хат жазды, оның айтқандарын мен жазып отырдым». Автор одан әрі Сұлтан Бейбарыстың Берке ханға жазған хатының мазмұнын былай деп баяндайды: «Ол Хұлағуға қарсы оны (Берке ханды) айдап салды, олардың ортасында жаулық пен жеккөрушілікті туғызды және Беркенің татарларға қарсы міндетті түрде қасиетті соғысқа шығуының себептерін талдап түсіндірді, оның исламды қабылдағаны жөнінде хабарлар оған келіп жатыр, татарлар оның туысы болғанымен кәпірлермен соғысу оның парызына жатады. Пайғамбар да (оған Алланың рахымы түссін) өзінің туыстарымен, Құрайыштармен соғысты, оған берілген (Алланың) бұйрығына сәйкес, адамдар «Алладан басқа Құдай жоқ» деп айтқанша соғысу жүктелді. Ислам тек жай сөздерден тұрмайды. Қасиетті соғыс оның бір тірегі. Келіп жатқан хабарларға қарағанда Хұлағу христиан дініндегі әйелі үшін крест дінін өз еліне орнатыпты және сенің дініңнен әйелінің дінін жоғары қойыпты, дінсіздердің басшысын Халифтың үйіне орналастырыпты». Одан әрі «соғыс кезінде сұлтан қандай іс-әрекеттер жасау керегін түсіндіреді. Ибнабдеззахыр «хатты Аландық саудагерлер ішіндегі сенімді адамы арқылы Берке ханға жіберілгенін айтады.
Сұлтан Бейбарыстың Алтын Орда ханына алғашқы хатынан-ақ оның қандай мақсатты ұстанғанын көруге болады. 1260 жылдың соңында билікке келісімен ол Египетке қауіп төндіріп тұрған ең басты сыртқы қарсылас – Ирандағы Хұлағу ханның билігі екенін білді. Хұлағу хан мен оған қатысты мәселелерді әмірлері мен кеңесшілері арқылы терең зерттей келе, Сұлтан Бейбарыс оған қарсы мықты әскери одақ құруды жоспарлайды. Хұлағудың одақтастары мен қарсыластарын дәл анықтап, «менің жауымның жауы маған жау емес» деген принципке сай, Хұлағудың сол тұстағы ең басты қарсыласы Алтын Орда ханы Берке екенін дәл аңғарады. Алғашқы хаттан-ақ Сұлтан Бейбарыс Египет пен Алтын Орда ислам факторы арқылы одақтаса алады деп ойластырады. Осылайша, Сұлтан Бейбарыс 1261 жылдың басында-ақ ислам факторын алға тарта отыра, алғашқы қадамды өзі жасайды.
Сұлтан Бейбарыстың алғашқы қадамына Алтын Орда тарапынан тез жауап беріледі. Бұл жолы Алтын Ордаға арнайы елшілік жасақталады. Ол туралы тағы да Ибнабдеззахыр «Эльмелик Эззахырдың өмірбаяны» атты еңбегінде айтады. Сұлтан Бейбарыс «хатында бүкіл мұсылмандардың жағдайын назар аударады. Білімді адамдардың қатысуымен хат жазылады. Онда Исламның жалпы жағдайы мен Халифты сайлау туралы ақпаратты баяндайды. Халиф әл-Хакимнің Пайғамбарға дейінгі шежіресін жазуды бұйырады. Халиф шежіресі жазылып, ол алтынмен апталады. Өзінің де шежіресін жазғызып, оны Таджеддин қазыға куәландырады. Бұл құжаттар даяр болғанда барлық әмірлер, бөлім басшылары және тағы басқалар шақырылып, оларға хат таныстырылады, олардан хатқа қатысты пікірлері сұралады. Олар хатты мақұлдады».
Хаттағы «Исламның жалпы жағдайы мен Халифты сайлау туралы» хабарламадан Сұлтан Бейбарыстың 1258 жылы Бағдат Халифы өлтірілгеннен кейін бүкіл әлемде Исламды дамыту үшін жаңа Халифты тағайындағанын, сөйтіп, Исламның орталығы Каирге ауса бастағанын көрсетеді. Халифке қолдау көрсету арқылы Сұлтан Бейбарыс өзіне де мұсылмандар арасынан қолдаулар табады.
Автор еңбегінің «Берке ханға елшілік жіберілуі туралы» деген тарауында былай делінеді: «Татарлардан (Алтын Ордадан) алғаш рет Сұлтанға елшілік келген кезде ол олардан олардың жағдайы туралы, Берке ханның жағдайын сұрады, тұратын жерлері мен оған баратын жолды сұрады. Осы елшілікке екі адамын қосып Беркеге жіберді, тағы да Берке ханға хат жазды. Онда қасиетті соғыстың пайда болуын, мұсылман әскерінің сипатын, көптігін және әр тайпалардан құралғанын, оның ішінде қанша атты әскер барын, қандай халықтардың оған бағынатынын, салық төлейтінін айтады...». Одан әрі хат екі рет оқылады, алғаш рет барлық әмірлердің алдында, екінші рет халифтың алдында оқылып елшілер оның алдында ант береді. Одан кейін Сұлтан Бейбарыс елшілермен ауызша сөйлесіп, өзінің Берке ханды жақсы көретінін, оның кәпірлермен соғысында оған жеңіс тілейтінін және оған қай кезде де көмек беретінін айтады. Бұл елшілік 1262 жылы мұхарам айында (1262 жылдың 15 қараша мен 1 желтоқсан) аттанып кетеді.
Ибнабдеззахыр бұдан кейін де 1262-1264 жылдары тағы да Берке ханның елшілері Египетке келгені және Египет елшілерінің Алтын Ордаға барғаны жөнінде мәліметтер беріп баян етеді.
Осылайша, Сұлтан Бейбарыс билігінің алғашқы жылдары қалыптасқан Египет пен Алтын Орда арасындағы елшілік байланыстар бірден екі ел арасындағы негізгі қатынастарға айналады. Египеттің өзінің орналасқан аумағының маңыздылығы сондай, оның айналасындағы көршілердің бәрімен жүргізген қарым-қатынастарды ең басты, негізгі қарым-қатынастар деуге болады. Дегенменде, XIII ғасырдың 50-60 жылдары қалыптасқан саяси жағдайлар, әсіресе Иран жақтан Хұлағу бастаған моңғолдардың жаулап алу соғыстары Египет үшін басты қарым-қатынасқа Алтын Ордамен қарым-қатынасты шығарады.
Ең алдымен, бұл қатынастар Египет үшін өте тиімді және пайдасы зор болды. 1260 жылғы Айн-Жалуттағы жеңілістен соң, моңғол әскерлері Дамаск мен Алепподан айрылды. Ал олардың Сирия жеріне қайта шабуылы бола қоймады. Керісінше, олар солтүстіктегі көршісі Алтын Орда тарапынан 1262-1265 жылдар аралығында бірнеше рет жойқын жорықтарға тап болды. Және олардың бәрінде де Ирандағы моңғолдар жеңіліске ұшырап отырды. 1262 жылдың тамызында 30 мыңдық әскермен атақты Ноғай Дербент жақтан Иранға кіріп, жергілікті әскерді тас-талқан етіп жеңеді. Осы жылдың қараша айында Хұлағудың өзі жаңадан мол әскер жиып, Ноғаймен ұрысқа түседі де, оны жеңіліске ұшыратады. Ұрыстардың бірінде Ноғай бір көзінен жараланады. Олар Дербентті алып, Терек өзенінен өтіп, Ноғай әскерінің тылын талқандайды. 1263 жылы қаңтарда Берке ханның өзі мол әскермен жетіп, ашық ұрыста Хұлағу армиясын жеңеді. Хұлағу әскерінің көбі өзенге ағып кетеді.
Міне, осы 1262-1263 жылғы алғашқы соғыстан соң, Алтын Орда мен Хулағулық Иран жаңа соғыстарға дайындала бастайды. Бұл екі ел арасындағы соғыстар Египет үшін шығыстан төнген қауіпті болдырмады. Сұлтан Бейбарыстың билік басына келе сала алғашқы сыртқы саясаттағы үлкен жеңісі, осы – Алтын Ордамен елшілік байланыстарды орнату болды. 1265 жылы Хұлағу қайтыс болғаннан кейін, орнына отырған ұлы Абаға ханмен Ноғай Кура өзені бойында соғысып, тағы да жеңіліске ұшыратады. Бұл соғыстан кейін Абаға хан мен Ноғай тағы майдан даласында кездесіп, Берке ханның көмегімен алтынордалықтар жеңіске жетеді.
Дәл осы жылдары Египетке екінші қауіп кресшілерден төнген болатын. Сұлтан Бейбарыстың Алтын Ордамен қатынас орнатуы және Алтын Орда мен Хұлағу әулетінің арасында соғыстардың басталуы оған бар күшін кресшілерге аударуға мүмкіндік береді және ол бұл мүмкіндікті шебер пайдаланады.
Ибнабдеззахырдың мәліметтерінен жалпы алғанда, Сұлтан Бейбарыс Египет пен Алтын Орда арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуына ең негізгі фактор ретінде – ислам факторын қолданады және ол фактор бірден оң нәтиже береді. Сондай-ақ өзінің шежіресін Египет кадиына куәландырып, Берке ханға жіберуіне қарағанда, өзін алтынордалықтарға жерлес екенін, яғни туысқандық факторды да қолданып отырғанын байқаймыз. Сондай-ақ осы туысқандық факторға Сұлтан Бейбарыстың Берке ханның қызына үйленуін айтуға болады.
Келесі бір араб авторы Ибнвасыл (1297-1298 жылы 93 жасында қайтыс болған) Алтын Орда ханы Берке мен Хұлағу арасындағы соғыстардың себептерін жазады. Оның мәліметі бойынша Шыңғыс хан ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырған. Жаңадан бағындырылған елдерден түсетін пайданың үштен бірі Беркеге, яғни Жошы әулетіне, үштен бірі Шыңғыс хан жұртына, яғни Қарақорымға, ал қалған үштен бірі – жаулап алушыға тиесілі болуы керек. Хұлағу Иранды жаулап алғаннан кейін бұл шартты орындамады, сол себепті де Берке Хұлағуға қарсы соғыс ашты деп баяндайды. Автор «Ол (Берке ханды айтып отыр. Египет билеушісі Эльмелик-Эззахырға елші жіберіп, «Мен шығыс жақтан, ал сен батыс жақтан келіп, оның әскерін тұтқындайық, олардың бірде-бір адамын қалдырмайық», – деп хабар айтады. Бұл дерек мәліметі Египет пен Алтын Орда арасындағы қарым-қатынастардың негізінде геосаяси және экономикалық фактор жатқанын көрсетеді.
Осылайша, XIII ғасырдың ортасында Еуразияның қақ ортасында дүниеге келген Алтын Орда мемлекеті өз тарихының алғашқы кезеңінде билеушілер – Бату, Берке, Менгу темір хандар тұсында Египет пен Таяу Шығыстың бір бөлігінде дәл осы кезде билікке келген жаңа саяси тұлға – Сұлтан Бейбарыспен саяси қарым-қатынастар орнатады. Оған саяси, геосаяси, діни, экономикалық және туыстық факторлар негіз болады және осы қатынастар ғасырдан астам уақыт уақыт бойы жұмыс жасайды. Тіпті, қазіргі кезеңде осы факторларды екі жақтың басшылары еске алып отырады.
Берекет Кәрібаев,
ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы