«Менің Бекзатым, менің ұлым деп айтуға әлі күнге ұяламын» – Сырлыгүл Шойбекова

2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың көз жұмғанына да биыл 24 жыл.

«Менің Бекзатым, менің ұлым деп айтуға әлі күнге ұяламын» – Сырлыгүл Шойбекова
коллаж: turkystan.kz
821

Спортшының анасы Сырлыгүл Шойбекова «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат беріп, сүйікті ұлы жайлы естеліктерін айтты, деп жазады turkystan.kz.

«Менің ұлым, менің Бекзатым деп айтуға әлі күнге дейін ұяламын. 4 қазан күні Алматының әуежайында күтіп алғанда, әуежайға халық сыймай кетті. Бекзат келіп, бетімнен сүйіп, медальды мойныма салды. Мен «Құтты болсын, балам» деуге ғана шамам келді. Жұрт қаумалап, сөйлесуге мүмкіндік болмады. Біреулер жылап жүр. Сонда Бекзаттың халықтың баласы екенін сездім. Халықтың сонша сүйіспеншілігіне бөленіп жатқанда, қалай мен оны «менің балам, кетіңдер» деп, меншіктеп алам?! Ол – елдің ұлы. Мен оның тілекші анасымын. Ол кезде баламды үш айдан кейін жоғалтып аламын деп ойлаған жоқпын»-дейді ақжаулықты ана.

Бекзат небары 20 жасында олимпиада тұғырын бағындырған еді. Боксшының анасы баласының жеңіске деген ұмтылысын еске алды.

Өзімнің баламды ерекше бала ғой деп ойлаймын. Небары 5 жылдың ішінде осындай жетістікке жетті. 15 жасында жазғы каникулда бокс секциясы ашылды. Ақылы деді. Балам барамын деді. «Мен таңнан кешке дейін жұмыстамын. Бала ғой, барса барып келсін. Әйтпесе қадағалай алмай қалармын» деген оймен бергенмін басында.

Содан кейін балам қоймады. Мен:

– Балам, қоя қойшы,-дедім.

– Жоқ, мама, мен нағыз боксшы боламын,-деді.

Баланың бойынан жігерін, күш-қайратын, жанып тұрған көзін көрдік. Жолын, ақысын, бәрін өзіміз көтердік. Небары 1,5 жылдың ішінде ұлым күллі бапкерлердің көзіне түсті. Балама талас болды. «Балаңды маған бер, маған бер» деген бапкерлер көбейіп кетті. Біз Анатолий Петрович Визирякин деген кісіге беруді ұйғардық

Ардагер ана баламның бойындағы рух пен ерік-жігер ерекше еді дейді. Қазіргі спортшыларға да сондай патриоттық сезімнің жетпей жатқанын айтады.

– Баламның жүрекпен айтқан әңгімелері ойымда тұрады. Қазір тыңдасам да таңғаламын. «Елім, жұртым» деген жүрегі болды. Қазір біздің спортшыларымызға сондай «елім, жұртым, халқым» деген рух, сондай күш, патриоттық сезім жетпей жатыр ма деп ойлаймын,-дейді.

Серіктес жаңалықтары