Сабылған жұрт: inDrive таксилері автовокзалды нәпақасынан айырып отыр ма?

Әр қаладан Астанаға қатынайтын елдің қарасы көп. Тіршілік болған соң қысы-жазы тыным таппайды. Қала арасындағы тас жолдың үсті де бос емес, теміржол да бос емес. Осы орайда соңғы жылдары орасан зор мәселе туындап отыр. Пойыз, автобус, такси... қалаған көліктің бәрі болғанымен, ешқайсы тиімді болмай тұр.

Сабылған жұрт: inDrive таксилері автовокзалды нәпақасынан айырып отыр ма?
istockphoto.com
1823

Себебі жұртқа Астанадан Қарағанды, Көкшетау, Павлодар сияқты үш-төрт сағаттық жерде орналасқан жақын қалаларға бару үшін жиі әрі жылдам жүретін, уақыт жағынан қолайлы көлік керек. Әсіресе жазда.

Пойыз – қыс мезгілінде тиімді, қауіпсіз. Ал жер аяғы кеңіген көктем-жазда іш пыстырады. Ұзақ жүреді. Мәселен Қарағандыға таксимен 2,5 сағатта жетсеңіз, пойызбен төрт сағат жүресіз. Пойыздардың басым көпшілігі – купе, плацкарт вагонды. Ал жақын қалаларға баруға «электричка» аталатын пойыздар ыңғайлы.  Бірақ олардың саны өте аз әрі уақыт кестесі де жұмысбасты жұртқа тиімсіз-ақ.

Дәл осындай жағдай автобусқа да қатысты. Автобустар да пойыздар сияқты баяу жүреді. Астанадан шыққан автобус Қарағандыға 4 сағатта жетеді. Уақыт жағынан алсаңыз «электричка» да, басқа пойыздар да, автобус та тасбақа тәрізді. Жұрттың мына тұрған жерге жырғалып 4 сағат жүруге уақыты да жоқ, жүйкесі де жетпейді. 

Ел Павлодар, Көкшетау, Қарағандыдан таңғы алтыларда шығып, тоғызда жұмысына жете алатындай жылдам көлік іздейді. Жұма күні жұмыстан шығып, Астананың кептелісімен автовокзалға жетемін дегенше тағы бір-екі сағат уақыт кетеді. Ал кешкі сегіз-тоғызда жүретін қалааралық «электричка» мен автобус жоқтың қасы. Уақыты сай келмейді. Амал жоқ, жанталасқан бұқара таксиге, inDrive қызметіне жүгінуге мәжбүр.

InDrive қызметінің ең тиімді жері – жолаушыны келіскен уақытта үйінен, жұмыс орнынан алып кетеді. Бірақ бұл реттелмеген сала болғандықтан сан соқтырып жатқан тұсы жетерлік. Алданған жолаушы да, таксистер де көп. Бірін-бірі айыптайды.

Елордада жұмыс істейтін Жазира Дүйсенбаева: «Ата-анам Қарағанды қаласында тұрады. Айына кемі бір-екі рет барамын. Жұма күні кешкісін жұмысым аяқталуға бір-екі сағат уақыт қалғанда inDrive қосымшасы арқылы такси іздей бастаймын. Бірақ көлік табу өте қиын. Көлік шыға қалса, жұрт жалма-жан алып кетеді. Тапсырыс беріп үлгермейсің, қосымшаны аңдып отыруың керек. Сәті түсіп, такси тауып, келіссең, жұмысым аяқталған бойда мініп кетемін. Жұмыс орнымнан алып кетеді. inDrive-дің тиімді тұсы да – осы, уақыт жоғалтпай, ата-анаңа ертерек жетесің. Ал автовокзалға жету үшін 2 сағат, әрі қарай Қарағандыға жету үшін 3-4 сағатың кетеді. Оның өзінде ол уақытта жүре қоятын не пойыз, не автобус жоқ. Жұрт жұмыстан кешкі алты жарымда шығады, вокзалға сегізде жетеді. Осы жұрттың жұмыстан шығатын уақытын есептеп, кешкі сегіз-тоғызда жүретін шағын автобустар мен жүрдек «электричкаларды» көбейтсе халыққа қолайлы болар еді»-дейді.

Себебі такси бағасы қымбат. Қазір Қарағанды мен Көкшетауға бару үшін кемі 5000 төлейді. Адам көп кезде, мереке, демалыс күндері баға бұдан да көтеріліп кетеді. Такси қызметінің кемшін тұсы тек бұл ғана емес. Қауіпсіздік мәселесі де бар.

«Келіскен такси жүргізушілерінің айтқан сөзінде тұрмай, сені тастап кететін кезі көп. Бір уақытқа келісіп қоясың, бірақ ол сенен басқа клиент тапса, сол адамды алып кете береді. Сол күйі сенің қоңырауыңа жауап бермейді. Екі ортада жолыңнан қаласың. Астанаға қайтар кезде де солай. Сенбі-жексенбі жақындарыңның қасында болып, дүйсенбі күні таңертең ертерек шығып, тоғызда жұмысқа келетіндей автобус, пойыз болса дейсің. Таңертең таксиге сену тіпті қауіпті. Алдап кетсе, жұмысыңа кешігесің. Кешкісін таксиге мінгенде өз қауіпсіздігің үшін тағы қорқасың. Қас қарайғанда қыз балаларға таксимен жалғыз жүру қиын. Тас жолда жеңіл көліктер жол апатына да жиі ұшырайды»-дейді кейіпкеріміз.

Бұл жағдай қазір тек таксистерге тиімді болып отыр. Жолда қалдырмайтын жаңа көлігі болса жап-жақсы табыс табуға болады екен. Бірнеше жылдан бері жолаушы тасып, бала-шағасын асырап жүрген Қуатбек Сейілханұлы:

Таксистер ғана алдамайды, жолаушылардың да бізді әуреге салатын кезі көп. Сенімен келісіп қояды да, ертерек шығатын немесе сенікінен жақсырақ машина тапса, мініп кете береді. Хабарласып, ескертетіндері аз. Ал сен қайтадан клиент іздеуге мәжбүр боласың. Ол екі ортада келісіп қойған басқа клиенттерің наразылық білдіреді. Жауапкершілік екі жаққа да керек: жүргізушілер де, жолаушылар да бір-бірінің уақытын сыйлап, әлдеқандай жағдай болса ертерек ескертіп үйренуі қажет. Таксист те жатпай-тұрмай еңбектеніп, нанын тауып жүр. Ол да клиентті ертерек жеткізіп салып, отбасына оралғысы, демалғысы келеді. Клиенттердің жауапсыздығы жүйкесіне тиеді, еңбегі, уақыты зая кетеді, - дейді.

Айтуынша ерінбей істесе, ай сайын қала арасына қатынап 400-500 мыңға дейін табыс табуға болады екен. Бұл дегеніңіз – бір адамның айлығы. Тек көлігі жүріп тұрса болғаны.  

Ал автовокзал қаңырап қалуға шақ тұр. InDrive қызметі оны нәпақасынан айыруға жақын қалды. Себебі қазір алыс жол жүретін жолаушылар ғана пойызға билет болмай қалса автобусқа мінеді. Ал жақын қалаларға бару үшін автобусқа мінетіндер некен-саяқ. Жоғарыда айтқанымыздай жылдам жүретін шағын автобустарды шығармаса және жиі жүретіндей қылмаса жағдайы шынымен де қиын сияқты.

Осы мәселені шешудің қандай жолы бар? Шағын автобустарды қосу мүмкіндігі бар ма? Ол автобустар тек автовокзалдан ғана емес, қаланың бірнеше жерінен жүретіндей жасауға бола ма? Автовокзал басшылығының қандай жоспары бар? Осы сұрақтармен Астана қаласының автовокзалына хабарласып едік, қызметкерлері басшыларының еңбек демалысында екенін, олар келмейінше ештеңе айта алмайтындарын жеткізді. Ендігісін алдағы күндері көреміз.

Серіктес жаңалықтары