Спортшының жеңіліп қалса, «Алланың қалауы» деуі дұрыс па? – Мүфтият өкілі жауап берді

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы кейінгі кезде ел ішінде жиі айтылып жүрген сұраққа жауап берді

Спортшының жеңіліп қалса, «Алланың қалауы» деуі дұрыс па? – Мүфтият өкілі жауап берді
www.muftiyat.kz
1678

Кейінгі кезде спортшының жеңіліп қалса, «Алланың қалауы» деуі дұрыс па, әлде бұрыс па деген сауал жиі талқыланып жүр.  Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы өз жауабын айтты. 

«Алланың қалауы», «Шүкір», «Тәуекел» деген ұғымдар тағдырға қатысты болғандықтан, оның шариғат қалыптастырған дұрыс ұғымы да және шариғат тыйым салған теріс ұғымы да бар. Теріс ұғымы деген қалай? «Тәуекел», «Алланың қалауы» дегенде бір адам себептерін жасаған жоқ. Мысалы, спортты қарайтын болсақ, спортшы себебін, дайындығын жасаған жоқ. Жеңіліп қалды да, «Алланың қалауы» дей салды. Бұл – теріс ұғым. Егер сылтау айту мақсатында болса, өзінен жауапкершілікті ысырып тастау мақсатында айтса, онда бұл дұрыс емес деп есептелінеді. Пайғамбарымыз «Түйеңді байла да, сосын тәуекел ет» дейді. Демек, сылтау мағынасында болса, бұл – дұрыс емес. Адам өз жауапкершілігін өзі көтеруі керек», – дейді маман.

Сондай-ақ маман спортшыларға қатысты бұл сөздің екінші ұғымы да бар екенін айтты.

«Спортшы жаттығуын, дайындығын, бәрін жасады. Толық дайын екенін, жауапкершілікті сезініп жарысқа барды, бірақ бағы шаппай, жеңіліп қалды. Сол кезде оның «Аллаға шүкір», «Алланың қалауы» деуі – бұл дініміз қызықтырған сөз. Дегенмен, «Алланың қалауы» деген спортшыны бірден айыптау дұрыс емес. Оның дайындығы қалай болды? Жауапкершілікті сезіне алды ма? Соған байланысты. Мұсылманға бірден жаман ойлау жаман тірлік болып есептеледі. Біз де жаңалықты көріп жатырмыз. «Алланың қалауы» деген сөзді тәңіршілдер, исламофобтар жамандыққа балап, жаман ұғымдағы сөз мағынасында қарастырып жатыр», – дейді Елбек Тасболатұлы.

Серіктес жаңалықтары