266
Оңтүстік Кореядағы күңгірт кезең
Оңтүстік Кореядағы күңгірт кезең
Оңтүстік Корея мамыр айында мерзімінен бұрын президент сайлайды. Себебі бұрынғы басшыға жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен импичмент жарияланып, Конституциялық сот оны қолдады. Оңтүстік Корея Конституциясына сәйкес, президентке импичмент жарияланғаннан кейін президенттік сайлау 60 күннің ішінде өтуі тиіс. Олай болса, мамырдың бастапқы күндері Корея келесі президентін сайлап, саяси бағытын анықтайды.
Құрбысына сенген президент
Пак Кын Хе – президент тағына 2013 жылы жайғасты. Ол Оңтүстік Кореядағы алғашқы әйел президент. Оның таққа келуі де бірқатар саяси оқиғалармен тығыз байланысты, тіпті кейбір әлемдік саясаттанушылар оның билікке келуін бесенеден белгілі еді деп санайды. Дегенмен, Кын Хенің әкесі Пак Чон Хи ел билігін бірнеше жыл басқарған адам. Кезінде президентке жасалған қастандықтың кесірінен Хе анасынан айрылады, бірақ осы оқиғадан кейін корей елінің ресми емес бірінші ханымы ретінде әкесінің қасында жүріп, саясатқа араласа бастайды. Тұрмыс құрмаған, баласы жоқ Пак Кын Хенің саясатпен айналысатыны әу-бастан-ақ анық болғанын көруге болады. Ол президент тағына отырғаннан бастап ел билігіне президент әкімшілігі емес, президенттің жора-жолдастары жиі араласатыны белгілі болды. Мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуде президенттің достарының пікірі мен ықпалы басым түсіп, әкімшіліктің қызметі ескерусіз қалды. Әсіресе, президент ханымның бала күнгі құрбысы – Чхве Сун Силь ешқандай саяси қызметте болмаса да, президент соның айтқанынан шыға алмаған. Пак Кын Хені президент орынтағынан кетірген жанжал осы құрбысының өтінішімен тікелей байланысты. Корей басылымдарының жазуынша, құрбысының әкесі жеті рет үйленіп, жеті рет аты-жөнін ауыстырып, кейіннен өз сектасын құрған адам. Пак Кын Хе осы сектамен байланысын үзбеген, сондықтан болар ол құрбысының айтқанынан аса алмайды. Президент құрбысының нұсқауымен Кэсон өнеркәсіптік аймағын жойып, КХДР мен байланысты біржола үзді. Сонымен қатар Чхве Сун Сильдің екі қоры Кореяның ірі компанияларынан қайырымдылық есебінде қомақты қаражат алып отырған. Бірақ бұл сома басшылықтың қалтасына құйылып отырса керек. Ірі компаниялардың бірі – Samsungтен 120 миллион доллар алғаны расталды. Бұл оқиғадан кейін компанияның вице-президенті мен президенттің құрбысы сотталды. Бірақ өзін президенттіктен кетірген бұл жанжалды Пак Кын Хе әлі күнге дейін мойындаған жоқ. Korea Economic Daily басылымына берген сұхбатында бұл мықты өрілген өтірік екенін айтқан болатын. «Егер оқиғаны басынан бастап тізбектеп шықсақ, жанжалдың алдын ала ойластырылғаны анық екеніне көзім жетеді. Қолдан жасалған деректердің негізінде түсінбестік туындағаны өкінішті, ауыр болса да, мен мұны өз қателіктерімнің бірі деп қабылдаймын», – дейді ол корей басылымындағы сөздерінде.Бұрынғы бас хатшы
2017 жылдан бастап Пан Ги Мун БҰҰ бас хатшылығын өткізді. Осы тұста оның отаны Оңтүстік Кореядағы президент сайлауына қатысуы мүмкін екені туралы қауесет тарады. Дәл осы кезде президент Пак Кын Хеге қатысты жанжал шыға келген еді. Кейбір шетелдік басылымдар президентті тақтан тайдыруда жаңа президентті таққа отырғызу идеясы жатқанын жарыса жазып жүр. Ал Пан Ги Мун өз еліндегі саяси жағдайды реттеу үшін президент болғысы келетінін айтып, тіпті елге оралып, халықтың тұрмысымен танысып, әр таптың өкілдерімен кездескеннен кейін нақты шешім қабылдаймын деген болатын. Сонымен қатар БҰҰ басшылығында отырғанда Солтүстік Кореяның саяси ұстанымы мен баллистикалық зымырандары әлемді алаңдататынын, әсіресе көршілес жатқан Оңтүстік Корея үшін қауіп төндіргенін айтып, осы істі бірінші қолға алатынын да ескерткен болатын. Сонымен қатар екі бауырлас елдерді бейбіт келісімге тартып, татуластыру үшін президенттікке таласқа түсуі ықтимал деп көрсеткен. Алайда көп ұзамай ол президент сайлауына түсуден айнып қалды. Нақты себебі ретінде саяси аренада біріккен топтардың айқасына түскісі келмейтінін айтты: «Менің басшылығыммен екі ел арасында тату қарым-қатынас орнатып, саяси жағдайды өзгертуден бас тартамын. Кейбір саяси топтардың арам пиғылдарынан көңілім қалды, сондықтан олармен бірге жұмыс істеудің еш нәтижесі жоқ деп шештім», – деді көпшілік алдында. Айтқандай, кейінірек бұрынғы бас хатшының бауырына қатысты жанжал шығып, АҚШ Пан Ги Мунның бауыры мен немере інісін соттау туралы ұсыныс жіберген болатын. Оларға жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылған. Бұл оқиға да президенттік орынтақтан бас тартуға әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар әлемдік тәжірибеде елші, сыртқы істер министрі қызметінде болған тұлғалар ел президенттігіне үміткер бола алмайды. Оның себебі түсінікті де шығар. Ал Пан Ги Мун Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігін үш жыл қатарынан басқарып, БҰҰ бас хатшылығына екі мәрте тағайындалып, БҰҰ-ын бас-аяғы он жыл басқарды. Осы тәжірибені еске салған Корея парламенті бұрынғы бас хатшылар президент болуға құқығы жоқ деп теріс қабақ танытқан еді. Жалпы осы оқиғалардан кейін халықтың қолдап-қоштауына қарамастан, Пан Ги Мун сайлауға қатысудан бас тартты.Корей халқының сайлауалды таңдауы
Кореяның Конституциялық соты 10 наурызда Пак Кын Хе импичментін мақұлдады. Желтоқсанда орын алған жанжалға байланысты жарияланған импичментті Корей халқының жоғарғы сотының сегіз сот төрағасы да қабылдады. Сөйтіп, бұрынғы президент мемлекет басқарудан біржола аластатылды, енді 60 күннің ішінде президент сайлауы өткізілуі тиіс. Егер импичмент жарияланбағанда қазіргі президенттің сайланған мерзімі 2018 жылдың ақпан айында бітуі керек болатын. Әзірге билік Премьер-министр Хван Ге Анның қолында. Оңтүстік Корея бойынша мамандардың айтуынша, Пак Кын Хені Корея белсенділері диктатордың қызы қараған, солшылдар да оңшылдар да оның билікке келгенін қаламаған. « Солшылдар партиясы оны диктатордың қызы деп қарап, аяқтан шалуға тырысып бақты, оңшылдар да қолдан келгенше кедергі болуға тырысты. Ал жанжал тудырған деректерді тауып, жариялап, импичментке дауыс берген өз партиясы болды» деп жазады ресейлік rt.com басылымы. Алдағы сайлауда президент тағынан үміткерлердің бірі – Демократиялық партия төрағасы Мун Чжэ Ин, сауалнама бойынша ең көп дауыс жинаған үміткер. Осының алдындағы сайлауда оппозиция атынан сайлауға түсіп, Пак Кын Хеден сәл ғана аз дауыс жинаған болатын. Сонымен қатар провинция губернаторы Чхунчхон Намдо Ан Хи Чжон мен Соннам қаласының мэрі Ли Чжэ Мэн, Халықтық партиядан Ан Чоль Су түсуде. Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея мемлекеттерінің экономикасы мен саяси жүйесі жер мен көктей. Оңтүстік Корея 60-жылдардан кейін қарқынды дамыды. Солтүстіктегі көршісінің қоқан-лоққысына шыдас беріп келеді, ал соңғы жылдары тіпті соғыстың аз-ақ алдында тұр деуге болады. Дегенмен Оңтүстік Корея да қарап қалған жоқ, ақыры АҚШ-тың зымыранға қарсы кешенін орнатуға рұқсат берді. Бауырлас елдердің саяси қарым-қатынасының ушыққаны соншалық, шекара асу мүмкін болмай қалды. Оңтүстік Корея солтүстіктен қашып шыққандарға бұрынырақ 250 мың вон тағайындаған болатын. Жақында оңтүстіктегілер бұл соманы ұлғайтып, 1 миллиард вонға теңестірді, бұл 860 мың долларға жуық. Солтүстіктен оңтүстікке қашып өткендер әскери техниканы өзімен бірге ала өтсе немесе маңызды ақпарат жеткізсе, өтемақысы соғұрлым көп болмақ.Дайындаған
Ақниет Оспанбай