«Жаңылыспадым»: Бағлан Әбдірайымов жеке өмірі туралы мәлім етті
Өнер иесінің айтуынша, әкесі келінін бір көргеннен ұнатып, басқа қызға үйленуге қарсы болған көрінеді.
Танымал әнші, кинопродюсер Бағлан Әбдірайымов «Ұрпақ» подкастында берген сұхбатында жарымен қалай танысқанын айтып берді.
«Әйелім – көрші ауылдың қызы. Алғаш рет 10-сыныпта көргенмін. 11-сынып оқып жүргенде тағы бір жолығып қалдық. Тіпті студент болып жүргенде Шымкентте тағы көрдім. Бірақ ол кезде бірге өмір сүреміз деп ойламадым. Ең алғаш кездескен бейне көз алдыңда қалып кетеді ғой. Кейін «Жігіттер» квартеті құрылды, сонымен жүрдік. Жасым 27-ге келді, үйленетін уақыт жақындады. Былай уәделесіп, не қол ұстасып жүрген қыздар болмағандықтан «қандай жар таңдауым керек» деген сұрақ тұрған кезде, бір досымыздың тойынан осы Розаны көріп қалдым. Сол кезде іштей бір «осы сұрақтың жауабы табылды» дедім. Солай отбасы болуға шешім қабылдадық», – деді әнші.
Өнер иесінің айтуынша, әкесі келінін бір көргеннен ұнатып, басқа қызға үйленуге қарсы болған көрінеді.
«Ердостың тойында Розаны ата-анаммен таныстырдым. Марқұм әкем: «Біздің пікірімізді тыңдайтын болсаң, осы қыздан артығын біз көріп тұрған жоқпыз» деді. Содан байланыс орнатып, жағдай сұрастық. Екі жақ құдаласты. Қазір екі қыз тәрбилеп отырмыз. Жар таңдаудан жаңылыспадым деп айта аламын», – деді эстрада жұлдызы.