«Үміттеріңізді ақтауға әрекет жасаймын»: Әбиба Абужақынова Париж Олимпиадасында командалық жарысқа қатысады
"Шынымды айтсам, жүрегімнің жартысы татамиде қалып кетті".
Дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Әбиба Абужақынова командалық сайысқа қатыспақ, деп хабарлайды turkystan.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
48 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Әбиба Олимпиадада жекелей сында бесінші орынға тұрақтаған болатын. Енді ол 3 тамызда өтетін командалық жарыста тағы бағын сынап көрмек.
"Командалық жарыста Қазақстан командасы болып күресеміз. 57 келі салмақта күресемін. Бірақ үміттеріңізді ақтауға, барымды салып күресуге әрекет жасаймын. Себебі 57 келідегі қыз Олимпиадаға келген жоқ. Сол үшін мен күресемін", – дейді дзюдошы.
Сонымен қатар ол жекелей сындағы жеңілістен соң қолдау көрсеткен жанкүйерлердің арқасында еңсесін тіктегенін айтады.
"Шынымды айтсам, жүрегімнің жартысы татамиде қалып кетті. Соны алып қайтуға 2028 жылға дейін Алла мықты денсаулық берсе күресуге барымды саламын. Мен сол жеңілістен кейін 2 күн тұрмадым, тамақ ішкен жоқпын. Алайда Қазақстан маған сондай қолдау көрсетіп жатқан соң қайтадан күлімсіреп, орнымнан тұрып, екі есе күш жинауға қазақ елі маған ерекше қолдау көрсетті. Сол үшін тұрып, қайта күресугекүш-жігер жинап алдым деп айта аламын", – дейді дзюдошы.
3 тамыз күні командалық сында Абиба Абужақынова, Эсмигүл Куюлова және Камила Берліқаш тағы да Париж татамиіне шығады. Қазақстан дзюдошылары бразилиялықтармен белдеседі.