Шымылдығы түрілген «Театр көктемі»

Шымылдығы түрілген «Театр көктемі»

Шымылдығы түрілген  «Театр көктемі»
ашық дереккөзі
Жыл сайын көктемде көрермен қауымға өнер мерекесін тарту ететін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры биыл да дәстүрден жаңылған жоқ. Қарашаңырақта 13 наурыз күні  «Театр көктемі – 2017»  фестивалі басталды. Театрдың бастауында тұрған өнер майталмандарының, есімі елге елеулі сахна саңлақтарының атымен аталатын шара биыл КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналып отыр. Фестивальдің ашылуы әдеттегідей баспасөз мәслихатынан басталды. БАҚ өкілдерімен емен-жарқын әңгімелескен театр басшылығы шараның мақсат-міндетін түсіндірді, жаңалығын жариялады. – Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін «Театр көктемі» фестивалі бұған дейін қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары – Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова апаларымыздың атымен аталған болатын. Биыл КСРО және Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналып отыр. Бір аптаға созылатын шара барысында әр түрлі мастер-класстар, кездесулер, ғылыми-практикалық конференция өтеді. Фестивальдың ең басты мақсаты – жаңа маусымда сахналанған қойылымдарды саралап, үздігін анықтау. Бір жыл ішінде атқарылған жұмыстың жетістігі мен кем-кетігін таразылау арқылы театрдың әрі қарайғы бағыт-бағдарын айқындау. 5 күн ішінде көрермен қауым мен қазылар алқасы 91-маусымда қойылған 5 спектакльді тамашалайтын болады. Алдағы уақытта бұл фестивальды халықаралық деңгейге көтеріп, қазақтың өнерін алыс-жақын шетелге таныта түскіміз келеді. Сол мақсатымыздың алғышарты болсын деп қазылар алқасының құрамына шетелдің тәжірибелі мамандарын енгіздік. Тәжірибе алмасу үшін Грузия мен Әзірбайжанның білікті театр мамандарын арнайы шақырдық, – деді театр директоры Ерлан Біләл. Өз кезегінде шетелдік қонақтар – философия және өнертану докторы, доцент, Әзірбайжан Ұлттық ғылыми академиясының Архитектура және өнер институтының «Театр, кино және телевизия» бөлімінің меңгерушісі Видади Гафаров және өнертану докторы, Грузияның Илья атындағы мемлекеттік ғылыми зерттеу университетінің басшысы, белгілі блогер Лаша Чхартишвили Қазақстанның бас театрынан шақырту алып, ауқымды фестиваль аясында алматылық әріптестерімен тізе қосып жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғандарына қуанышты екенін жеткізіп, байқауда бақ сынаушыларға сәттілік тіледі. Шетелдік мамандардан бөлек, қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Театр теориясы және тарихы кафедрасының меңгерушісі, өнертану кандидаты, профессор Сәния Қабдиева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Өнертану факультетінің деканы, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс бар. Биылғы фестивальда жүлделі орындарды белгілеп, төрелік жасайтын өнертанушылардан бөлек сыншылар алқасы да жұмыс істеуде. Сыншылар алқасының құрамындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әлия Бөпежанова, өнертану кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты Анар Еркебай  сияқты білікті мамандар спектакльдерді талқылауға қатысып, ой-пікірлерін ортаға салады. Фестиваль аясында  13 наурызда Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясы сахналанды. Қазақ ән өнерінің ақиығы Ақан серінің өмірінен сыр шертетін Ғ.Мүсіреповтің бұл пьесасы – қазақ драматургиясының классикасы. Қойылым Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы махаббат желісіне құрылған. Ескі мен жаңаның тартысы, махаббат үшін күрес, өткен замандағы өнер адамының бейнесі жан-жақты көрініс табатын спектакль режиссер  Қуаныш Адыловтың қазақ театрындағы алғашқы тәжірибесі болды. М.Әуезов театрында үш рет сахналанып, ұзақ жылдардан кейін қайта қолға алынған спектакльге кірісерде режиссер өзгеріс енгізіп, жаңалық ашуды мақсат тұтпаған. Өткен мен бүгінгінің арасындағы тіні үзілмеген байланысты, қай заманда да өзектілігін жоймайтын мәңгілік тақырыпты қазіргі көрерменнің танымына жақын тәсілдер арқылы суреттеуді көздеген. 14 наурызда көрермен Мәдина Омарованың пьесасы бойынша сахналанған «Ақтастағы Ахико» қойылымын тамашалады. Бұл – театрдың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жасаған тартуы. 15 жасында жазықсыз сотталып, КарЛАГ түзету лагеріне түскен Ахико Тецуро атты жапон азаматының қиын да күрделі тағдырын арқау еткен спектакльді режиссер Асхат Маемиров қойды. Қойылымда Ахико бейнесі арқылы ХХ ғасырдың орта шенінде нақақ сотталған Алаш азаматтарының  тағдыры және қазақ халқының кең мінезі мен бауырмалдығы да көрініс тапқан. Фестивальда бақ сынаған үшінші қойылым – Р.Кунидің «Мани-Мани» комедиясы. Әйгілі ағылшын драматургі Рей Кунидің күлкімен көмкерілген пьесасын сахнаға жас режиссер Есләм Нұртазин алып шықты. Комедия ғайыптан тайып метродан табылған бір шабадан ақшаның төңірегіндегі адамдардың әрекетінен өрбиді. Ақша үшін небір айла мен қулыққа барған кейіпкерлер көрерменін күлдіре отырып, ойландырады. 16 наурызда өнерсүйер қауымның назарына Қ.Мұраттың «Бақыт кілті» драмасы ұсынылады. ҚР халық әртісі, белгілі режиссер Есмұхан Обаев сахналаған қойылымның тұсаукесері жуырда ғана өткен болатын. Дәл бүгінгі күннің тақырыбын көтергендіктен, спектакльде көрермен танымынан алшақ дүние жоқ. Кәсіп дамыту жолындағы кедергілер, жемқорлық, алаяқтық, күштінің әлсіздің ақысын жеуі – біздің қоғамда бар түйткілдер. Мәселен, айлап, жылдап жалақы төлемейтін кәсіпорын басшыларына қарсы бас көтерген, аштық жариялаған жұмысшылар жайлы хабарларға осы күні елең етпейтін болдық. Жылап-сықтаған еңбеккерлерді теледидардан жиі көретіндіктен, етіміз өліп кеткен. Аяушылық танытамыз, адал адамдардың көз жасына қалғандарды сыбап аламыз – болды. Біраз уақыттан кейін ұмытып кетеміз. Тамыры тереңдеп бара жатқан түйткілге бейжай қарауға болмайтынын ескерткен бұл қойылым қоғамды оятқысы келген дабыл дыбысындай. Ал 17 наурызда байқауда бақ сынайтын бесінші спектакль – Мәдина Омарованың шығармасы бойын­ша қойылатын «Көмбе нанның дәмі» драмасының тұсауы кесілмек. Қойылым түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен. Сол сұрқай замандағы адам тағдырын көрсете отырып, досқа құшағы ашық, мейірімі мен қайырымы мол қазақ халқының мәртебесін көтереді. Тарихты негіз еткен қойылым кешегі қиын күндер арқылы бүгінгі тыныштық пен берекенің нарқын білуге, бағалауға шақырады. Сондай-ақ, фестиваль аясында әйгілі театр және кино актерлерімен кездесу, шетел театр мамандарының қатысуымен мастер-класстар және «Хадиша Бөкеева және бүгінгі актерлік өнердің мәселелері» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өтеді. Бір аптаға созылатын өнер мерекесі 18 наурыз күні даңқты актриса, КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлағатты ұстаз Хадиша Бөкееваны еске алу кешімен қорытындыланбақ.