Түркістанда шетелдік ерлі-зайыптыға 738 мың теңгеге айыппұл салынды
Ерлі-зайыпты Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзған.
Америкалық ерлі-зайыптыларға қос азаматтығы үшін 738 мың теңге айыппұл салынды.
Түркістан қаласым әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің көші-қон қызметінің қызметкерлері ҰҚК-нің шекара қызметімен бірлесіп, Түркістан-Стамбұл бағытындағы әуе рейсіне тіркелу кезінде Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзған ерлі-зайыптыларды анықтады. Олар 54 және 45 жастағы АҚШ азаматтары болып шықты.
Көлік полицейлері құқықбұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағаны үшін әкімшілік хаттама толтырып, материалды Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік сотына жолдады.
Сот шешімі бойынша шетел азаматтары 200 АЕК (738 мың 400 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетсек, бірінші жартыжылдықта Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 483 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде сот шешімі бойынша 484 шетелдік елден шығарылды. Қос азаматтығы бар 181 адам анықталып, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды.