Құрбан айт құтты болсын!

Құрбан айт құтты болсын!
www.muftyat.kz
248

Қадірлі отандастар!
Сіздерді мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттық­тай­мын. Айт қабыл болсын! Баршаңызға мықты ден­саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыс­та­рыңызға береке тілеймін. 
Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіс­пеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәр­биелік мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Қа­сиет­ті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қа­ны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған же­те­тін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуа­лық­тарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта ай­тылғандай, Құдай жо­лын­да жақсылық жасауға ниет­тенген пенде бұл амал­ды риясыз оймен орын­дайды. 
Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың бер­ген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нә­сіп еткен нығметтің бір бөлігін көмекке мұқтаж жан­дарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуа­нышқа бөлейді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау», –  деген.
Үлкеннің, көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауап­ты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күн­де шынайы ниетпен құрбан шалып, оны мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарт­тар­ға таратып, алғысын алуға тырысатыны сон­дық­тан.
Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтар­ды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан кө­термей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оң­тайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға ша­қырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақ­са­ты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жо­марттық, қайырымдылық, қанағат сынды адам­гершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың ра­қым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақ­сылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бө­ле­нейік.

Құрметті халайық!
Алла қаласа осы жылы да елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни бас­қарма ел азаматтарына, әсіресе қала тұрғын­дары­на қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты. Құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны осы істе өкіл етуге дінімізде рұқсат берілген.  
Өздеріңізге белгілі, өткен жылы мүфтият қыз­мет­керлері «Раббың үшін құрбан шал» қайырым­ды­лық жобасы аясында 1 104 тонна құрбандық етін 123 594 отбасына, сонымен қатар мүгедектер, за­ғип­тар қоры, ауруханалар мен ардагерлер үйіне жет­кізіп берді. Бұйырса, биыл да осы бағыттағы қайырымдылық іс-шараларды жүзеге асырамыз. 
Құрбандық еті, әсіресе, су тасқынынан зардап шек­кен отандастарымызға, қараусыз қалған қарт­тарға, жалпы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылады. Еліміздегі барша мұсылман қауымын сауапты іске үлес қосып, белсенді болуға үндеймін. 

Қадірлі жамағат! 
Бүгінде әлем мұсылмандары қасиетті Мекке қа­ласында қажылық жасауда. Солардың қатарында парызын өтеп жүрген 5 мыңнан астам отандасы­мыз­дың ниеті, халқымызға жасап жатқан дұғасы қа­был болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз. 
Алла Тағала байтақ даламызға берекесін жау­ды­рып, шалған құрбандықтарымызды, берген са­да­қаларымызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей. Әмин! 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни 
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Серіктес жаңалықтары