«Ұлттық кітап» байқауы ұйымдастырылады
«Жыл кітабына» гран-при сыйлығы табысталады.
Үкімет қаулысымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі үздік кітаптарды анықтайтын «Ұлттық кітап» байқауын жариялады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында жазды
"Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деп атап өтті. Қоғамда кітап оқу мәдениет қалыптастыру бойынша министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар жалғаса береді.
Осы орайда, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық кітап күніне орай үздік кітаптарға арналған «Ұлттық кітап» байқауын жариялады.
Байқауда «Балаларға арналған үздік кітап», «Жасөспірімдерге арналған үздік комикс кітабы», «Нон фикшн (психологиялық, мотивациялық, бизнес) бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік илюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітабы», «Ең көп оқылған кітап», «Фэнтези жанрындағы үздік кітабы», «Үздік баспа» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ «Жыл кітабына» гран-при сыйлығы табысталады.
Бұл байқау үздік кітаптарды анықтап, оны көпшілікке насихаттауға, қоғамды кітап оқуға үндеуге ықпал етеді деген ойдамыз", – делінген жазбада.