Алматы қуыршақ театры Оттава қаласында гран-при жеңіп алды
Канада мемлекетінің астанасы Оттава қаласында тұңғыш рет І-ші Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалі өткізілді.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Оттава қаласында өткен І-ші Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалінде «Ромео мен Джульетта» қойылымы үшін гран-при жүлдесіне ие болды.
Канада мемлекетінің астанасы Оттава қаласында тұңғыш рет І-ші Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалі өткізілді. Халықаралық шығармашылық пен ынтымақтастықты көздеген мәдени іс-шараға еліміздің көк туын ұстап шыққан алғашқы қазақстандық өнер өрдасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры болды. Отандық театрдың шығармашылық ұжымы фестиваль аясында канадалық көрермендердің назарына өз репертуарындағы ерекше қойылымдардың бірі, ағылшын драматургы Уильям Шекспирдің әйгілі трагедиясы желісімен сахналанған, нәзік те таза махаббаттың құдіретін сездіретін «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынды.
Айта кетейік, қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі 2019 жылы белгілі режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен жарыққа шыққан. 2022 жылы аталмыш спектакль Болгария Республикасы Варна қаласында өткен халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрлар фестивалінде үздік деп танылып «Гран-при» жүлдесіне, «Ең үздік ер адам» жүлдесіне, «Ең үздік дебют» жүлдесіне лайықты болған. Ал оған дейін 2021 жылы Қарағанды қаласында өткізілген Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық театрлар фестивалінде І-ші орынды жеңіп алған.
Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулетбек Құсайынов фестиваль аясында қуыршақ театрына қолдау білдірді.
«Біздің жастар өте жоғары деңгейдегі жұмысты көрсетті және өте қызық махаббат хикаясын сезіндірді. Өз дарындарын, жалпы қазақ жастарына тән талантты Канада халқына таныстырды», – деді Дәулетбек Құсайынов.