Канадалықтар асырап алған қазақ жігіт 17 жылдан соң анасымен кездесті

Канадалық ата-анасы Жандос Рейнді 10 айлығында асырып алған.

641

Канадалықтар асырап алған қазақ баласы туған жерге келді. Осыдан 17 жыл бұрын Канадаға кеткен Райн Жандос кеше Ақтауға келіп, туған анасымен қауышты. Шетелден келген қонақтарды ақтаулық бір топ ерікті күтіп алды, деп хабарлайды «Маңғыстау» облыстық телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, Жандос анасымен, туған бауырларымен қауышқаннан кейін қазіргі ата-анасымен бірге өзі тәрбиеленген сәбилер үйінге барған. Канадалық ата-анасы Жандос Рейнді 10 айлығында асырып алған. Бұл кездесуге Жанар Байсеміздің «Шетелдегі қазақ балалары» авторлық жобасы себеп болыпты.

«Кішкентай кезінен Жандосқа оны асырап алғанымызды айтып келдік. «Туған анасын көргісі келе ме, жоқ па?» деген сұрақты да өзіне қалдырдық. Ол Торонтода ұлты қазақ достарымен жиі кездесіп, араласып тұрады. 17 жасқа толғанда достары да анасын табуға кеңес берген. Біз ниетін қолдадық. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторына хабарластық. Ол бізге Жандостың анасын табуға көмектесті. Ақтауға келіп, Жандостың туған анасымен кездестік», - дейді Жандосты асырап алған анасы Шанас Мұхамед.

Жандос Рейн қазіргі ата-анасымен 17 жылдан кейін сәбилер үйіне барып, бұрын оны баққан тәрбиешілерімен, өзі тағдырлас балалармен кездесті.

«Анам менен көз жазып қалса да, тастап кетсе де оған өкпем жоқ. Анамды жазғырғым келмейді. Болашаққа көз тастаймын, екеуміздің тағдырымыз сондай болды. Егер мені Канадаға алып кетпегенде, сол жақта өспегенде, қазіргі қырларым ашылмас па еді? Мені барлығы керемет қарсы алды. Менің халқым, ұлтым қонақжай екен», - дейді Жандос Рейн.

Елден жырақта өмір сұріп жатқан қазақ баласы туған жері қатты ұнағанын, 3-4 жылдан кейін Қазақстанға қайта келуді жоспарлап қойғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары