«Әділдік жолы» бірлестігі бұдан былай бағытын өзгертпек
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов аталған ұйым бұдан былай отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға баса назар аударатынын айтты.
«Әділдік жолы» – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын қолдау мақсатында 2020 жылы 20 қарашада құрылған болатын. Бірлестіктің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру, парасаттылық идеологиясын ілгерілету.
"Үш жыл ішінде еліміздің әр өңіріндегі азаматтар мен кәсіпкерлердің 9 мыңнан астам арыз-шағымын қарастырдық. Кәсіпке залал келтіретін зиянды салдарды қандай болатынын ұғу қиын емес болды. Бұл әрекеттер құқық қорғау органдарының араласуымен бизнесті заңсыз қудалауға алып келеді.
Одан бөлек, күштік құрылымдардан "зәбір" көрген кәсіп тоқтап, қазынаға салық түспейтіні өз алдына, мыңдаған азамат жұмысынан айырылып, отбасын асырайтын жалғыз табыс көзінен айырылады. Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл ақпан айында құқық қорғау органдары шектен шықпау керек екенін ескерткен болатын. Ал іс жүзінде бәрі керісінше: күштік құрылымдар коллекторлар мен рейдерлерге айналып, бәсекелес кәсіпкерлерді қыспаққа алып, темір торға қамауда.
Бүгін бізде осыған қатысты арыз-шағымдар көп. Кәсіпке бұлай қысым көрсету мен бизнесті бұлай тартып алу Ескі Қазақстанның "дарынды" және "өте табысты" өкілдерінің негізгі жұмыс істеу тәсілі болғанын қоғам жақсы біледі және түсінеді.
Отандық кәсіпкерлердің елімізге инвестиция тартып, жаңа технология енгізіп жатқанын білеміз. Жаңа жұмыс орындар пайда болуда, ел бюджетін толтырып отыр", – дейді Д.Смағұлов.
Осыған орай «Әділдік жолы» бірлестігі осындай арыз-шағым қабылдайтын Zan_Tartip@adildik.kz электрон поштасы ашылғанын хабарлайды.