Тұрсынбек Қабатов қамауға алынды

Сотта ол стюардессалардың нашар қызметіне көңілі толмайтынын айтып, оларға өз ескертуін білдірген.

Тұрсынбек Қабатов қамауға алынды
instagram

Танымал әзілкеш, шоумен Тұрсынбек Қабатов 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kozachkov Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Жоғарғы соттың мәліметінше, Астана қалалық Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыпталған адамға қатысты істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан.

Сотта ол стюардессалардың нашар қызметіне көңілі толмайтынын айтып, оларға өз ескертуін білдірген. Ол өзінің әдепсіз сөз айтқаны немесе айтпағаны есінде жоқтығын алға тартқан, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған.

Куә (аға стюардесса) құқық бұзушының ұшақ бортында мас күйінде болғанын және әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғанын растаған.

Құқық бұзушының кінәсі куәнің айғақтарымен, жолаушыны полицияға беру актісімен, бейнежазбамен және медициналық сараптама қорытындысымен расталады, - делінген хабарламада.

Айыпталушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік жазаға тартылды - 5 тәулікке қамауға алынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.