Қазақ жылқыларын көбейтуге 701 млн теңге бөлінеді
Бұл қаражат алдағы 5 жылға жыл сайын 140 миллион теңгеден берілетін болады.
Бүгін сенат отырысында мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау әрі көбейтуді көздейтін жаңа Заң екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
"2014 жылға дейін елімізде 17-асыл тұқымды жылқы заводтары мен 156-асыл тұқымды шаруашылықтар қызмет жасаған екен.
Кейіннен бұл шаруашылықтардың көпшілігі жойылып кетті. Өкінішке орай, жылқы шаруашылығын өркендету мәселесі көп уақыттан бері Үкімет назарынан тыс қалып қойды.Бүгінде Республикалық палатада тіркелген асыл тұқымды жылқылардың басым бөлігі өнімділік бағытындағы, жүк тартатын жегіске арналған жылқылар болып отыр, ал мініс және мініс-жегін жылқы түрінен 290 бас қана қалды", - деді сенатор Әли Бектаев.
Сондықтан бүгін отандық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту, мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізуді көздейтін жаңа Заң ұсынылды.
Осы мақсатты іске асыру үшін заңда "асыл тұқымды жануар" және "тұқым стандарты" ұғымдарына өзгерістер енгізіледі.
"Бұл ретте асыл тұқымды малдардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштермен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзімділігі сияқты қасиеттері тұқым стандартына жатқызылады.
Аталған Заңмен "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" және "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Заңдарына түзетулер енгізіледі", - деді сенатор Ернұр Әйткенов.
Сонымен қатар, заңнамалық түзетулерде отандық жылқы тұқымын сақтау және көбейту мақсатында келесідей субсидиялау көзделген:
- отандық мініс-жегін жылқыларын өсіретін орталықтарға шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларын сатып алуға;
- асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге;
- оларды ұстау бойынша шығындарды өтеуге.
"Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның жалпы соммасы 701 миллион теңге. Бұл қаражат алдағы 5 жылға жыл сайын 140 миллион теңгеден берілетін болады.
Көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары асыл тұқымды жылқылардың гендік қорын сақтауға, дамытуға және қалпына келтіруге, отандық жылқы шаруашылығын жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін", - деді сенатор.