«Баламнан айырылып қалдым»: Нұрғиса Тілендиевтің жұбайы отбасылық құпияны ашты
42 жастағы аты әйгілі музыкант 19 жастағы өрімдей қызды бірден ұнатып қалған.
Аты аңызға айналған күйші, дирижер, композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің өнері дүйім жұртқа мәлім, ол өмір жолында түрлі сынақты бастан өткерген. Музыканттың жанұясындағы ешкімге айтылмаған сыры мен ұзақ жылдар бойы жасырған құпиясын жұбайы Дариға Тілендікеліні Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшілеріне айтып берді, деп жазды turkystan.kz.
Нұрғиса Тілендиев пен Дариға Тілендікеліні 1967 жылы Алматыдағы киностудияда танысқан екен. Сол сәтте 42 жастағы аты әйгілі музыкант 19 жастағы өрімдей қызды бірден ұнатып, сезімін білдірген. Көпшілікке танымал "Куә бол" әні – композитордың сүйген жарына арнаған ең алғашқы туындысы.
"Біз киностудияда жұмыс істеп жүрген кезде Ленинградтан өнер адамдары Қазақстанға келетін болды. Соған біз дайындалдық, келген соң Медеудің басында күттік. Содан кейін бәрі үйіне қайтып кетті. Тек мен және Нұрғиса аға жүр. Ол уақытта мен ол кісіні "аға" деймін. Сөйтсек Нұраға оны өзі бәрімен ақылдасып, осылай жоспарлапты. Менімен сол күні жақынырақ танысып, қасымда болу үшін солай жоспар құрған. Оны мен кейін естідім. Сол түні ай жап-жарық, жұлдыздар жымыңдап тұр. Түнгі сағат 2-3-тің кезі. Сарылдап өзен ағып жатыр. Сол кезде Нұраға аспанға қарап әуен шығарды. Ол әуен "Куә бол" әні еді. "Қарындасым, мен осы әнді саған арнаймын" деді. Мен таңғалып қалдым. Содан бір жылдан кейін Нұрағаң екеуміз үйлендік. Сол тарихты Тұманбай Молдағалиевке суреттеп айтып бердік. Ол кісі басқа бөлмеге кіріп кетті де, 5-10 минуттың ішінде сөзін жазып шықты. Содан кейін біздің жұбымыз жазылған жоқ. Мені сүйген бірінші адам – Нұрағаң. Біраз жас айырмашылығы бар. Оған қараған жоқпыз", – дейді Дариға Тілендікеліні.
Нұрғиса Тілендиевтің дүркіреп өткен үйлену тойында сол кезеңдегі қазақ өнерінің дүлдүл майталмандарының бәрі болған екен. Алайда ерлі-зайыптының отбасылық өмірінде ерекше естеліктер де бар, сынаққа толы сәттер де жоқ емес. Олар ұзақ уақыт сәби күткен.
"Иә, біз сәбиді ұзақ күттік, біраз ем де алдық. Данияр деген баланы асырап алдық. Ол Нұрағаңның туысқан қарындасынан туған. Ол қарындасы күйеуімен ажырасып кетті де, үш айлығында мен сол баланы бауырыма бастым. Данияр 1976 жылы туған бала. Мен оны емізіп едім, мейірленгенім соншалық менің омырауымнан сүт шығып кетті. Данияр ұлым 9 жасқа толғанда 1985 жылы Динара қызым дүниеге келді. 39 жасымда Динара қызымды өзім тудым ғой. Нұраға Динара өмірге келгенде қатты қуанды. Данияр балам өте әппақ, маған ұқсайтын. Ал 25 жасында Данияр баламнан айырылып қалдым, жүрегі тоқтап қалды", – дейді композитордың жұбайы.
Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің қазасы бұл отбасы үшін оңай болған жоқ. 1998 жылы қазақтың маңдайына біткен атақты күйші өмірден озған еді. Дариға әже сол бір қиын сәтті де еске алды.
"Мен Нұраға жазылып кетеді деп ойладым. Ауруханада бес ай жатты. Сол кезде "Халық қаһарманы" атағын президент Назарбаев келіп кеудесіне тақты. Содан бір жарым ай өткен соң Нұраға қайтыс болды. Оның алдында "Дариға, жағдай өте қиын. Есіңде болсын, егер де бір жағдай болса, біздің қазіргі отырған пәтеріміз мұражай болуы керек" деді. Сол сөзін мен басыма мықтап сақтап алдым. 2014 жылы сол үйді музейге тапсырдық. Ол кезде Алматының әкімі Ахметжан Есімов еді. Нұрағаның сырқаты – бауыр ауруы. Жарықтық сол бауырдан кетті ғой. Тамақ ішпеді. Өнер адамдарының бәрі Нұрағаңның қасында болды. Оркестрдегі балалары ауруханада кезекшілікке тұрып, Нұрағаның аяқ-қолын уқалап, қасында отырды. Өте қиын жағдай болды", – дейді Тілендиевтің музасы.
Бүгінде Дариға Тілендікеліні Алматы қаласында тұрады. Ол кісінің ендігі арманы – қызы Динара мен жиені Даянаның қызығын көру.