Су тасқынының салдарын реттеуге әкімдіктер салғырт қарап отыр – Олжас Бектенов
Сондай-ақ, Үкімет басшысы экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықтарды алып тастап, кәдеге жарату қажет екенін атап өтті.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан бүлінген үйлерді белгіленген мерзімде әрі сапалы салуды талап етті.
«Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке орай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару қажет», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов көптеген өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалғанын, топырақ салынған қаптар пайдаланылғанын атап өтті.
«Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықтарды алып тастап, кәдеге жарату қажет», - деді Премьер-Министр.