Желіде «Меломен» тобының әншісі әйелін бес жыл бойы ұрып келгені туралы ақпарат тарады

Әнші Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі Нұрилла Ақберген басынан өткен оқиғасы туралы айтты.

1238

"Меломен" тобының әншісі Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі Нұрилла Ақберген Анна Данченкоға берген сұхбатында алғаш рет ажырасуының себебін айтты, деп хабарлады turkystan.kz порталы Massaget.kz тілшісі.

"Біз бірге 6,5 жылдай болдық. Ажырасу менің шешімім болды. Қазіргі уақытта әйел құқығы қорғалып жатыр, мен оған өте қатты қуаныштымын. Сол кезде мен бала болған шығармын. Әйел мінсіз болу керек деп ұққан шығармын. Мен 5 жыл үйде отырдым. Тамақ істеп те үлгердім, бизнеті де жасадым. Өте жақсы әйел бола білдім деп ойлаймын. Керемет келін болдым деп ойламаймын, себебі ата-енеммен тұрмадым. Бізге ата-ененің, туыстардың ықпалы болған жоқ. Бәрі тікелей өзімнің шешімім болды", - деді Нұрилла Ақберген.

Нұрилла Ақберген күйеуі оны ұратын болғанын жасырмады. 

"Біздің қоғамда бұл қалыпты нәрсеге айналып кеткен болатын. Діни манипуляция десем де болатын шығар. Сен әйелсің деген секілді әйелді меншіктейді, оны басқарады. Оның барлығын жүрегіммен қабылдасам да, көз жұматынмын. Оған қоса, жан-жағыма қарасам, барлығында сондай жағдай. Кіммен сөйлессем де, барлық әйел бір рет болсын күйеуінен шапалақ жегенін еститінмін. "Бұл өтпелі кезең, әйел ер адамды тәрбиелеп алады, ер адам өзі ақыл тоқтатады, шыдау керек, сенің үш балаң бар ғой" деген әңгімелерді жиі еститінмін.

Іштей бір сәтті күттім. Уақыт бердім. Мен адам өзгереді деп ойладым. Біраз уақыт бұл жайлы жазуға қорықтым. Хейттен қорықтым. Десе де, астарлап бөлістім.

Бұл (ұру) балалы болғаннан кейін басталды. Бастапқыда бұл өтеді де, кетеді деп ойлайсың. Бишімбаевтың сотын көріп отырып, қатты ауыр күйге түстім. Себебі "өліп қаламын" деп ойламайды екенсің. "Мен мүгедек болып қалмаймын ба" деген ой соңғы шешімді қабылдауға әсер етті. Сол ойдан кейін балаларыма, жан-жағыма қарадым. Содан соң әке-шешеме айттым", - деді Нұрилла Ақберген.

 

Серіктес жаңалықтары