«Әлсіреп қалған»: Алматы облысында екі күн бұрын жоғалған балықшы табылды

Құтқарушылар балықшыны екі күн бойы іздеген.

«Әлсіреп қалған»: Алматы облысында екі күн бұрын жоғалған балықшы табылды
Сурет: www.istockphoto.com

Алматы облысында ТЖМ құтқарушылары 1947 жылы туған ер адамды құтқару бойынша іздестіру жұмыстарын аяқтады, деп хабарлады turkystan.kz.

2024 жылдың 8 маусымында 77 жастағы ер адам Балқаш ауданы Қараой ауылының маңындағы Іле өзеніне балық аулауға шыққан. Бірінші болып балықшының туыстары дабыл қағып, жоғалғаны туралы құтқару қызметіне хабарлаған. 

"Екі тәулік бойы құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен азамат жоғалған жерден 7 шақырым радиуста аэровизуалды іздестіру жүргізді. Жер үсті жұмыстары да жүріп жатты. Қараой ауылынан оңтүстік-батыс бағытында 30 шақырымнан астам жолды жаяу патруль аралады. Ер адамды тапқан кезде, ол әлсіреп өзен жағалауында жатқан. Ол адасып кеткен екен", - делінген ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Оқиға орнына келген құтқарушылар балықшыға алғашқы көмек көрсетіп, елді мекенге жеткізді.