Өскемен қаласындағы көз нашар көретін балаларға арналған мектеп-балабақша бюджетінен миллиондаған қаржы жымқырылған. Қомақты қаражатты жымқырған әйел енді 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Өскемен қаласының №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып «Tengrinews.kz» сайты хабарлады. Қаржыны қолды қылған әйел «Қазақ соқырлар қоғамының Өскемен оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-де жұмыс атқарған екен. Алаяқ әйел қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Өскемен медициналық әлеуметтік мекемесімен, көздері нашар көретін балаларға арналған №14 мектеп-балабақша кешенімен және орта білім беретін Крупская атындағы мектеп-интернатымен тауарларды жеткізіп тұру үшін келісім жасаған. Осы келісім барысында тапсырыс беру тараптардан түскен қаржының 3 249 636 теңгені жымқырып қалған. Өскемен қаласының №2 соты алаяқ басқаның мүлкін аса үлкен көлемде иемденді деген айып тақты. Сот үкімімен қылмыскерге жеке мүлкін тәркілеу, 3 жыл мерзімге материалдық жауапкершілік қызметі құқығынан айыру және 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол енді жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтейді. Сондай-ақ, сотталушы «ҚСҚ ӨО ӨК» ЖШС пайдасына 3 249 636 теңге, мемлекеттік баж салығы ретінде 97 489 теңге және сот шығындарын өндіруге 45 062 теңге төлеу міндеттеледі. Алайда сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген.
Мүгедектердің қаржысына ортақтасқан алаяқ

Мүгедектердің қаржысына ортақтасқан алаяқ