Түркі инвестициялық қоры ресми түрде өз жұмысын бастады
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанның атынан Қордың Басқарушылар кеңесінің өкілі атанды.
Түркі инвестициялық қоры ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл туралы ақпарат Үкіметтің ресми сайтында жарияланды.
Түркияда Түркі инвестициялық қорына мүше Басқарушы елдер кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанның атынан Қордың Басқарушылар кеңесінің өкілі атанды.
Түркі инвестициялық қоры – түркі әлемі экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты. Қордың бастапқы капиталы - 500 млн доллар. Оны құрудың басты мақсаты – Түркі елдері арасындағы экономикалық және коммерциялық қатынастардың дамуын қамтамасыз ету. Түркия Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша 2024 жылдың соңына қарай түркі мемлекеттері әлемдік экономикада маңызды орын алады. Яғни, экономика көлемі 1,9 трлн долларға және халық саны 178 млн адамға жетеді деп күтілуде, – деп жазылған ақпаратта.
Нұрлан Байбазаров Қазақстан үшін түркі интеграциясын дамытудың айрықша маңызды екенін айтты.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қор қызметінің басталуын толығымен қолдайды. Аталған Қор қатысушы елдердің экономикалық өсуі мен дамуының катализаторы болатынына және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге әрі бірлескен жобаларды іске асыруда тиімді өзара әрекеттестікке ықпал ететініне сенімдімін, – деді ол.
Қор қызметі барысында инфрақұрылымды, жаңартылатын энергия көздерін, ауыл шаруашылығын, туризмді, IT және басқа да. бағыттарды қамтитын түрлі секторлардағы бірлескен жобаларды қолдауға басты назар аударылады.
Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге 2023 жылдың 16 наурызында Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті аясында қол қойылған болатын. Құрылтайшы елдер қатарында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия бар.